Өңірлерге бөлінген қаржының есебін беретін күн туды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтардың инфрақұрылымдық, әлеуметтік-экономикалық ахуалына баса назар аударды.
Тіпті өңірлердегі бюджеттік жоспарлаудың сапасына жеке тоқталды. Қаржыны тиімді жұмсай отыра, халықтың әл-ауқатын көтеру күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте Үкіметке өңірлердің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының тұжырымдамасын ойдағыдай жүзеге асыру міндеттелген.
Кейінгі жылдары кіріс қоры артып, бірқатар салық пен төлем түрі республикалық деңгейден өңірге өткені белгілі. Осының салдарынан жергілікті бюджетке жүктелген қосымша шығын да артып кеткен. Міне, осы себепті бюджетаралық қатынастарды реттеу - өзекті мәселеге айналған.
2022 -2024 жылдардағы есепке сәйкес, республика бойынша бюджет шығынының орташа өсімі 47 пайыздан асады. Бір қызығы, барлық облыста мемлекеттік қаржының үштен бір бөлігінен көбі оқу-ағарту саласына жұмсалған екен. Есесіне елдегі барлық бала мектепке дейінгі білім берумен қамтылыпты. Облыстардағы бюджет қаржысының 15 пайыздайы инфақұрылымды жаңғыртуға жұмсалған. Мысал келтірсе, қаржының жартысына жуығын білім саласына құйған өңірлер қатарында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау бар. Еліміздің үш ірі шаһарында инфрақұрылымға ден қойылып, бюджет қаржысы да сол мақсаттарға көбірек бөлінген.
Нұрболат Құрметұлы, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры:
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлердің инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 64,1 пайызды құрады. Өңірлер бөлінісіне қарайтын болсақ, кей өңірде бұл көрсеткіш жоғары кей өңірде төмендеу болып отыр. Жоғарысын атап өтсек, Алматы, Астана, Шымкент қалалары. Ал төмен көрсеткіштер жаңа құрылған Ұлытау, Абай облыстары және ШҚО тиесілі болып отыр. Олардың төмен болу себебі бұл облыстар көп жылдар бойы басқа облыстардың құрамында болып келді.
Өңірлер экономикасын әртараптандыру арқылы табыс көзін арттыру. Бұл да Үкімет алдындағы жауапты міндеттің бірі. Осы ретте Экономикалық зерттеулер институты диверсификация бойынша бірқатар ұсыныс енгізген. Мәселен, әр облыстың макроэкономикалық сипатына қарай, қайта өңдеу саласын қолға алу. Бұл арада аймақтардың мамандану бағытын айқындау аса маңызды, дейді экономист Мұрат Абдырахманов.
Мұрат Әбдірахманов, экономист:
- Қазақстан Республикасындағы мамандануға тоқталсам, еліміз металл қоры жөнінен әлемде көш бастайтындардың қатарында, сондықтан біз өндірістік жабдықтарды өндіруге мамандануымыз қажет. Мысалы, мұнай мен газ саласы- пластмасса мен синтетикалық материалдар өндірудің негізгі шикізат базасына айналуы тиіс. Синтетикалық каучук зауытын салсақ, жыл сайын шина өндірісінің табысымен шамалас пайда әкелуі мүмкін. Жасанды каучук өндіретін зауыт Қазақстанда жылына кемінде 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс таба алады. Инвесторлар өте тез табылады, өйткені бұл салада әлемде бар болғаны төрт компания ғана маманданған. Егер Еуроодақ стандарттарына сәйкес жағдай жасалса, олар бізге қуана келеді.
Иә, 2030 жылға дейінгі «Аймақтарды дамыту тұжырымдамасында» жаңа өндіріс орындарын ашу көзделген. Ол үшін кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Мамандардың айтуныша, инфрақұрылымды жақсарта отырып, инвестор тарту, және әр өңірдің ерекшелігіне қарай экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларды іске асырған жөн.
Авторы: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бюджет #қаржы #өңірлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz