Павлодар облысында жыл басынан бері 300-ге жуық адам белгіленбеген жерден теміржол төсемін кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ шойын жолда үй жануарларының болуы жиілеп кеткен. Осыған орай желілік полиция алдын алу шарасын бастады.
Теміржолды кесіп өтпек түгілі оның жанында тұрудың қауіпті екенін тұрғындар жақсы біледі. Соған қарамастан жолды қысқарту үшін кесіп өтіп жатады. Тек 2025 жылы пойыз машинистері 87 рет тежегішті мәжбүрлі басуға тура келген. Оның үшеуі адамның қатысуымен туындап, қайғылы жағдайға әкеліпті.
Адамдар көбінесе аспалы көпірлерден өтпей, жолды қысқарып, уақытты үнемдегісі келеді. Мұның соңы теміржолда жарақат алуға немесе өлімге әкеп соғады. Биыл 295 облыс тұрғыны теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзған. Сонымен бірге шойын жол маңына мал жайған 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.
Қуаныш Әлімбергенов, «Павлодар» станциясы Желілік полиция бөлімінің бастығы:
- Іс жүзінде азаматтардың теміржол жолдарын белгіленбеген жерден кесіп өту фактілері жиі анықталады. Бұл адам өмірі мен денсаулығына өте қауіпті. Акция аясында профилактикалық рейдтер мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балалар жарақатының алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылады.
Полицейлер профилактикалық шараларды жүргізгенде адамдарға теміржол аймағында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін үнемі ескерткенімен, құқықбұзушылық тыйылмай барады. Көлік прокурорлары нақты деректерді алға тартты.
Ержан Сағымбеков, облыстық Көлік прокурорының орынбасары:
- 2025 жылы Қазақстан Республикасы бойынша 46 мыңнан астам әкімшілік жауапқа тартылған. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін 3 мыңнан астам әкімшілік жауапқа тартылған.
Жыл басынан бері өңірде үй жануарларының теміржолға шығып кетуіне байланысты пойыз машинистері тежеу жүйесін тоғыз рет шұғыл басуға мәжбүр болған. Мұндай оқиғалар қозғалыс кестесінің бұзылуына, жолаушылар мен жүк пойыздарының кешігуіне әкеледі. Ал келтірілген шығын кінәлі тұлғадан, яғни мал иесінен өндіріледі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #теміржол #қауіпсіздік #полицияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz