Былтыр Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 19 млрд долларға жетті. Қаржы тарту жұмыстарын биыл да арттыру межесі тұр.
Алайда ең әуелі жүйедегі бірқатар мәселені шешу керек. Бұл туралы бүгін Сенатта айтылды. Проблемаларды жіпке тізген Сыртқы істер вице-министрі инвестиция көлемі мен бағытын алдын ала нақты болжау қиын деді. Шетелдік алпауыт компаниялардың да елге келу көрсеткіші тұрақты емес. Сондай-ақ мемлекеттің стратегиялық басымдықтары мен нақты жобалар арасындағы байланыс бір-бірімен келе бермейтінін жеткізді. Осыған орай инвестициялық циклді іске қосу жайы талқыланды. Мақсат ұзақ мерзімді және сапалы қаржы тартуға бағытталған ортаны қалыптастыру. Яғни Қазақстанға келем деуші инвесторлардың сенімі де арта түсуі керек.
Сәкен Қуантыров, Сыртқы істер вице-министрі:
- Жаңа инвестициялық циклдің маңызды элементтерінің бірі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды бірлесіп басқару тетігі. Мұндай аймақтар өңірлерді жедел дамыту, инвестиция тарту және технологиялық кластерлер қалыптастырудың тиімді құралы болып табылады. Индонезия, Қытай, Польша, Ұлыбритания және Жапония сияқты елдердің тәжірибесі көрсеткендей аймақтарды кәсіби операторларға оның ішінде шетелдік компанияларға басқаруға беру өз тиімдігін дәлелдеді.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz