Бейнеу мен Сексеуіл арасындағы жаңа күре жолдың құрылысы Арал өңірінің дамуына жаңа серпін береді.
Шалғайдағы ауылдардың жол қатынасы жақсармақ. Бүгінде 500 шақырымнан астам жолдың жобалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жоба іске асса Ақтау портына баратын қашықтық едәуір қысқарып, халықаралық тауар айналымы жанданады.
Арал ауданының шалғай ауылдары үшін бұл жай ғана жол емес, әлеуметтік маңызы бар күре тамыр. Бейнеу-Сексеуіл бағытындағы төте жолдың салынуын жергілікті халық тағатсыздана күтіп отыр. Сала ардагері Жүзбай Таңрықбаевтың айтуынша, қазіргідей Ақтөбе арқылы айналмай, тіке шығу уақытты да, шығынды да үнемдейді.
Жүзбай Таңрықбаев, жол-көлік саласының ардагері:
- Ақтөбеден айналып жүргенде 900 шақырым айтып отырмын ғой. 900 шақырым - ол үлкен қашықтық. Сондықтан бұл өте тиімді әрі жақын. Жолдың бойында қанша халық болса, соған пайдалы. Өйткені алты елді мекен сол жолдың арқасында өздерінің табыс көздерін жасайды. Осыны биыл бастаса өте жақсы болар еді.
Жаңа трасса екінші санатқа ие болады. Мамандар 559 шақырымдық жолдың жоба-сметалық құжаттамасын пысықтап жатыр. Жоспар бойынша, жол бойында бірнеше көпір мен елді мекендерге кіреберіс жолдар салынады.
Жәнібек Сыздықов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Былтыр Президент Жолдауында «Шалқар – Бейнеу – Бозой» жолының құрылысын бастауды тапсырған болатын. Қазір оның техника-экономикалық негіздемесі дайын. Жалпы Ақтау қаласына дейінгі, Бозойға дейінгі шақырым 559 шақырымды құраса, Қызылорда облысына тиістісі 189 шақырым. Жақын күндері бұның да басталуы көзделіп отыр. Былтырғы жылдың қорытындысымен Қызылорда облысында жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жай-күйі индикаторлық көрсеткіші 95 пайыздан асты.
Бұл жол тек жолаушылар үшін емес, сауда-саттық үшін де маңызды. Елде өндірілетін өнімнің Ақтау мен Құрық порттарына шығатын ең қысқа жолы болмақ. Жаңа бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы тауар айналымы үшін де тиімді дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #тасжол #Таңдаулы #ҚызылордаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz