Өңірлерде жаңа Конституция жобасы аясында еңбек ұжымдарымен кездесулер өтіп жатыр.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституция реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Нұралы ӘБішев «Кентау трансформатор зауытының» ұжымымен кездесті. Жиында Конституция жобасындағы еңбек адамдарына қатысты жаңашылдықтар талқыланды.
Кездесуде Конституция реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Нұралы Әбішев Ата заңның жаңа жобасында еңбек адамдарының құқығы мен бостандығын күшейтуге баса мән берілгенін айырықша атап өтті. Еңбек ету құқығы – ол тек жұмыс орнының болуы емес, ол қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ жалақы және жайлы орта екенін жеткізді. Осы құқықтың Конституцияда бекітілуі жұмысшы мәртебесін көтереді деп есептейді.
Нұралы Әбішев, конституция реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:
- Конституциялық реформа жөніндегі комиссиялардың бекіткен жобасы жөнінде таныстырдым, түсіндірдім. Ол жердегі ең басты-басты деген өзгерістерді айттым. Жалпы халық оны түсініп, өздерінің сұрақтарын беріп жатыр. Біраз адам осы жобамен танысқанын білдіріп жатыр. Жобаны толық қолдайтындарын айтып жатыр.
Еңбек ұжымдары арасында Конституция жобасына деген қызығушылық басым. Жиынға қатысушылардың пікірінше, ескі Ата Заңмен салыстырғанда, жаңа Конституцияның ұтымды тұстары, артықшылықтары көп. Ұсынылып отырған конституциялық нормалар елдің әлеуметтік-саяси ахуалын нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе қарапайым жұмысшылардың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді, дейді.
Маржан Қалдашева, жұмысшы:
- Мен осы зауытта жұмыс істеп жатқаныма 25 жыл болды. Еліміздің Ата заңына көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр екен. Біздей қарапайым халыққа, қарапайым жұмысшыларға көптеген жақсы жаңалықтар бар екен. Ол біздің жұмысымызды одан сайын жақсартады. Біз соған қуанып жатырмыз.
Елдің саяси жүйесінің жаңғыртылуы еңбек адамдарының табысты өмір сүруіне ықпал етеді. Жиын соңында конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі еңбек ұжымын еліміздегі саяси өзгерістерге үн қосуға шақырды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #конституциялық реформа #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz