RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде электр тапшылығы 29%-ға төмендеді

16.02.2026, 19:43 212

Энергетика саласына кейінгі үш жылда 1 трлн теңгеден астам қаржы құйылды.

Нәтижесінде 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөнделді. Бұл туралы елордадағы 3-жылу электр станциясының жай-күйімен танысқан Үкімет басшысына Энергетика министрі мәлімдеді. Олжас Бектенов Астананың энергетикалық инфрақұрылымын тексеріп, шаһардағы бірқатар нысанды аралады. 

Астанадағы үш жыл бұрын іске қосылған 3-жылу электр орталығы. Станция сағатына 480 гигакалория жылу өндіреді. Күн сайын кеңейіп жатқан бас қалада болашақта электр тапшылығы туындамас үшін жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұл шаһардың энергетика мәселесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Биыл жалпы алғанда ел аумағында 2,6 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу межесі тұр. Нәтижесінде 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаятын болады.

Атажан Жолымбетов, "Астана-Энергия" АҚ 3-ші ЖЭО жөндеу цехының басшысы:

- Бұл ЖЭО мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынған егемен Қазақстандағы алғашқы ЖЭО бірі. Қазіргі атңда 4 қазандық жұмыс істеп тұр. 2023 жылы іске қосылғалы бері газбен жақтық алғашқы қазандықтарды. Сол 2023 жылдан бастап 3-жылу маусымын өтіп жатырмыз. Көмірге өткізу осы жылдың жоспарында бар.

Жылудың жай-күйін білуге келген Премьер-министр жұмысшылармен де тілдесті. Әңгіме барысында 15 наурызда өтетін референдумға қатысудың маңыздылығына тоқталды. Жұмысшыларға жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамытуға, еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасы түбегейлі өзгеретіні жайлы жазылғанын айтып, саяси науқанға қатысуға шақырды.

Еркеғали Есенжанов, "Астана-Энергия" АҚ 3-ші ЖЭО директоры:

- Жаңа Конституция жобасымен ұжым түгелдей танысып шықты. 15 наурыз күні болатын Референдумға осындағы 185 жұмысшы бір ауыздан барып дауыс беруге қатысамыз. Біз Ата Заңдағы жаңа өзгерістер мен шешімдерді қолдаймыз.

Былтыр Астанадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 трлн теңгеден асты

Еңселі елорда негізінен өңдеу секторынан тұрады. Мәселен, былтырғы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 жарым трлн теңге жуықтаған. Осы көрсеткіштің одан әрі өсуіне енді былтыр ғана іске қосылған «Автокомпоненты KZ» ЖШС айтарлықтай үлес қосқалы тұр. Кәсіпорын өрт сөндіру техникалары мен аспалы жабдықтар өндіреді. Жобаны жүзеге асыруға 5,1 млрд теңге бағытталды. Соның арқасында зауыт жылына 400 техника құрастыратын деңгейге жетті. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, вахталық фургондар және коммуналдық-жол машиналары бар.

Александр Плужников, "Автокомпоненты KZ" ЖШС өндірістік директоры:

- Зауыттың басты ерекшелігінің бірі – ол бізде қолданылатын технологиялардың әртүрлігінде. Мұнда Ресей Федерациясындағы ұқсас зауыттарда пайдаланатын панель өндіру технологиялары бар. Сонымен қатар өзіміздің әмбебап, біріктірілген құрылғыларымыз жұмыс істейді. Біз барлық тәсілдер мен материалдарды қолданамыз.

Премьер-министр өндірістік циклдің негізгі аймақтарымен танысты. Қазір мұнда өнімдердің түрін көбейтіп, өндірісті арттыру үшін қызу жұмыс жүріп жатыр.

Баубек Қазыбаев, "Автокомпоненты KZ" ЖШС коммерциялық бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда зауытта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Зауыттың даму жоспарына сәйкес штат құрамында 200 қызметкерден аса жұмыс істейід деген жоспармен жасалынған. Қазіргі таңда қызметкерлерідң айлығы шамамен 400 мың теңгені құрайды.

О. Бектенов Астанадағы шаңғы базасының жұмысымен танысты

Шаһарды шарлаған Олжас Бектенов су жаңа шаңғы базасына да барды. Нысанда тек қысқы спорт түрімен айналысатын кәсіби спорт саңлақтары жаттықпайды. Енді болашақ ақ олимпиада шыңын бағындыратын балалар да осында дайындалады. Орталықта әзірге 15 жаттықтырушының жетекшілігімен 180 спортшы жаттықса, болашақта 360-қа арттыру көзделіп отыр.

Думан Әлімов, жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы:

- Шаңғы базасының құрылысы былтыр сәуір айында басталып, өткен айда аяқталды. Бұл шаңғы спортын дамытуға арналған ең негізгі нысан болмақ. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болады. Ең айта кетерлігі мұнда инновациялық жабдыққа ерекше назар аударылды. Спортшылардың жылдың төрт мезігілінде де қысқы спорт түрімен шыныға алады.

Елде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Кейінгі екі жылда халықтың жаттығу базасымен қамтамасыз етілу деңгейі 52-ден 59 пайызға өсті. Ал спортпен айналысатын азаматтардың саны 44 пайызға артты.

Шерхан Абзалұлы, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz