RU
Толық нұсқаға өту

Банктердің ипотека беру жүйесі өзгереді

17.02.2026, 15:35 164

19 наурыздан бастап жеңілдетілген ипотеканы тек Отбасы банкінен емес, жеке меншік банктерден де рәсімдеуге болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесіне қатысты заңға осындай өзгерістер енді. Яғни екінші деңгейлі банктер баспанаға арналған депозит ашып, соның негізінде ипотека беру қызметін көрсете алады. Мұндай жаңашылдықтың нарыққа әсері қандай? Халық үшін тиімді ме?

Жеке қаржы ұйымдарының қызметі кеңейді. Заңға өзгерістер енгенімен, екінші деңгейлі банктерге қойылатын қосымша талаптар әзірге нақты жарияланған жоқ. Бірақ бір нәрсені нық айтуға болады. Мәселен, Отбасы банкіндегі жинаққа банк пайызы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы төленеді. Ал екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесімен жұмыс істеу тетігі берілгенімен, мұндай сыйақы қарастырылмаған. 

Олжас Рамазанов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:

- Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заңының 10 бабына сәйкес, мемлекеттік сыйлықақы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мәртебесі жоқ екінші деңгейлі банктерге қолданылмайды. Бірыңғай міндетті талаптар атап айтқанда, жинақтаудың ең төменгі мерзімі мен сомасы немесе депозиттер мен қарыздар бойынша тіркелген мөлшерлемелер белгіленбейді. Осылайша, банктер шарттарды өздері айқындайды. Банктердің шарттары бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Бірақ олар ашық әрі түсінікті түрде жариялануы тиіс.

Әзірге коммерциялық қаржы ұйымдары нақты болжам жасаудан тартынып, сақ отыр. Біздің сауалымызға жауап берген екінші деңгейлі банктердің бірі нарықтың ашық екенін, алайда пайыздық мөлшерлеме секілді тетіктердің әлі де жасалып жатқанын жеткізді.

Екінші деңгейлі банк:

- Бүгінде банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу жұмыстарын пысықтап жатыр. Қазір тиісті өнімдерді іске қосу, олардың шарттары мен жұмыс істеу механизміне қатысты шешімдер әзірленуде. Ішкі процедуралар аяқталып, қажетті тұжырымдама бекітілген соң, банк тарапынан толық ақпаратты жариялаймыз.

Баспана азаматтар үшін әлеуметтік қауіпсіздік және экономикалық еркіндік, - дейді сарапшылар. Сондықтан «тұрғын үй жинақ банкі» тетігінің кеңеюі – тұрғындар үшін өзінің қалтасына қарай таңдау мүмкіндігін беріп отыр. Ал қаржы ұйымдары арасында нарықтағы бәсекелестікті арттырады.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Отбасы банктің бәсекелестік ортаға шығуы бұл әлеуметтік жобадан коммерциялық, яғни нарықтық жобаға өтуі деп есептеуге болады. Оның мультипликативтік пайдасы өте жоғары. Бірінші кезекте банктердің несиелік портфелін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, азаматтардың таңдау құқығына мүмкіндік береді. Үшіншіден, азаматтардың үй сатып алуға деген қабілетінің артуы бұл құрылыс компаниялардың жандануына, ол өз кезегінде қаншама азаматтың сол салада еңбек белсенділігін көбейтуге, ол айналып келгенде құрылыс материалын шығаратын кәсіпорындардың жандануына және соңғысы салықтық базаны қалыптастыруға. Сонда бір ғана жобаны жүзеге асыру арқылы мемлекет азаматтарды жұмыспен қамтиды, салықтық базаны, бәсекелестік нарықты, азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге жол ашады.

Бүгінге дейін Отбасы банкі саланы жалғыз қалыптастырған еді. Ол халықтың баспаналы болуына септігін тигізгені де даусыз. Бірақ бәсеке жоқ жерде даму қарқыны тежеледі. Сондықтан жеке банктердің ипотекаға қосылуы – нарыққа жаңа дем берері сөзсіз.

Авторы: Альмира Оразбай 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz