RU
Толық нұсқаға өту

Шалғай ауылда медициналық нысан ашылды

17.02.2026, 20:40 223

Қарағанды облысына қарасты Кеңшоқы ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Енді ауыл тұрғындары дәрігерлік көмек алу үшін аудан орталығына немесе қалаға сабылмайды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған нысан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша осындай 66 медициналық нысан салынды. Оның 51-і қайтарылған активтер есебінен бой көтерген. 

Кеңшоқы ауылында заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Енді тұрғындарға медициналық көмек осы жайлы ғимаратта көрсетіледі. Бұған дейін қызметкерлер бейімделмеген ғимаратта жұмыс істеп келді. Екі бөлмелі үйді пешпен жылытты, қажетті  құрал-жабдық жетіспеді. Осы ауылда 11 жыл еңбек еткен мейірбике Гүлнар Тикенованың айтуынша, көбіне науқастарды аудан орталығына немесе Қарағанды қаласына жіберуге тура келген.

Гүлнар Тикенова, мейірбике:

- Ескі деген ескі ғой енді, іші суық болды. Бірақ қаншама жыл соның ішінде отырдық. Енді жаңаның аты жаңа, іші бәрі жылы, жағдайы жақсы. Бүкіл керек-жарақтың барлығы бар. Күндізгі ем қабылдайтын стационары бар, елдер система, укол алады. Сосын кейін «физлечение» деген бар, УФО, магнит, сосын кейін ингаляция бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста ең көп нысан Шет ауданында салынды. Үш жыл ішінде 21 елді мекенде медициналық мекемелер ашылды.

Алпыс Аманжолов, Шет ауданы орталық ауруханасының директоры:

- Бұрын бізде барлық елді мекендерде стандартқа сай емес жай жер үйлерде орналасқан медпунктар, фельдшерлік-акушерлік пункттар болатын. Енді осы ұлттық жоба аясында 11 жаңадан фельдшерлік-акушерлік пункт және 10 медпункт бой көтерді. Бұл шалғайда жатқан елді мекендердегі халықтың аудан орталығына немесе қалаға бармай, сол жерде бірінші алғашқы медициналық көмекті толығымен және сапалы алуға мүмкіндік береді.

Былтыр облыста 66 амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Оның 51-і жеті ауданда қайтарылған активтер есебінен бой көтерді.

Абылай Смағұлов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қайтарылған активтер есебінен екі кезеңмен ақша бөлінді. Ауылдарда медициналық нысандар салу үшін 5 млрд теңге игерілді. Жалпы  «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жылда 92 нысан салынды.

Жаңа медициналық мекемелерді салумен қатар өңірде кадр мәселесі де шешімін табуда. «Жол картасы» аясында ауылдарға мамандар тартылып, оларға тұрғын үй мен көтерме төлемдер беріледі. 2025 жылы шалғай ауылдарда 70 медицина қызметкері жұмысқа орналасып, мемлекеттік қолдауға ие болды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz