RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандағы конституциялық реформа туралы Түркиядағы БАҚ жазды

18.02.2026, 08:21 178

Елдегі конституциялық өзгерістер Түркияның жетекші ақпарат құралдары мен сараптамалық орталықтарының назарында.

Референдум арқылы мемлекеттік басқару жүйесін қайта қарау, билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау және ұлттық құндылықтарды нығайту мәселелері түрік медиасында кеңінен талқыланып жатыр.

Анкарадағы стратегиялық зерттеу институты жариялаған талдамалық материалда еліміздегі бұл үдеріс эволюциялық саяси жаңғыру ретінде бағаланады. Мақалада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларды кезең-кезеңімен әрі институционалдық тұрақтылықты сақтай отырып жүргізіп отырғаны баяндалады. Институт сарапшылары конституциялық өзгерістердің басқару тиімділігін арттыруға, саяси құрылымды нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге бағытталғанын тілге тиек еткен.

Алпер Тан, стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары:

- Біздің назарымызды аударға ең маңызды өзгеріс – мемлекеттік құрылымдағы Президент институты мен атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің тепе-теңдігін қайта айқындау. Бұл реформа Қазақстанның саяси тарихында революциялық сипатқа ие болып отыр. Тағы бір маңызды қадам – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекіту. Бұл ұлттық мәдениет пен тарихтың сақталуына, ұлттық сананы қалыптастыруға айрықша мән береді. Сонымен қатар сайлау институттарының ашықтығы артты, білім беру мен инновацияларға басымдық берілді, жас ұрпақты әлемдік деңгейде дамытуға жағдай жасалды. Мұның бәрі елдің халықаралық аренадағы интеграциясына оң әсер етеді.

Ал Түркиядағы жетекші басылым Түркие Газетесинде жарық көрген мақалада жаңа Конституция үдерісі тарихи бетбұрыс ретінде сипатталады. Автор Мерием Айбике Синан Қазақстандағы бұл үдерісті жан-жақты талдаған. Ол мақалада өзгерістердің басқару тиімділігін арттыру, демократиялық институттарды күшейту мәселелерімен қатар, білім мен инновация саласына басымдық беріп отырғанын атап өтеді. Оның пікірінше, бұл қадам елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі тетігі саналады.

ЦИТАТА

Мерием Айбике Синан, жазушы, мақала авторы

Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері саяси және институционалдық құрылымын жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Жаңа Конституция жобасы тек басқару жүйесін емес, білім мен инновацияға негізделген болашақ даму моделін де айқындайды.

Anadolu Ajansı  таратқан ақпаратта Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  реформаларының негізгі мақсаты әділетті, халық үніне құлақ асатын мемлекет құру екені жазылған. Материалда өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің ықпалын арттыру және саяси жүйені ырықтандыру мәселелері баяндалған.

Ал жергілікті TRT Avaz телеарнасы референдум өткізу туралы шешімді саяси жаңғырудың жалғасы ретінде бағалайды. Арна сарапшылары бұл қадам Қазақстанның аймақтық тұрақтылық пен институционалдық дамуға бағытталған стратегиялық ұстанымын айқындайды деп есептейді.

Қорыта айтқанда, түрік сарапшылары Қазақстандағы конституциялық өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, аймақтық тұрақтылыққа және түркі әлеміндегі стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ықпал етеді.

Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz