RU
Толық нұсқаға өту

Жаңа Конституция жобасында адами капиталға басымдық берілген

18.02.2026, 19:20 196

Жаңа конституция жобасында адами капиталды дамытуға ден қойылып, азаматтардың құқығы сақталуына баса көңіл бөлінген. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова осылай дейді. 

Сонымен қатар заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, экология және мәдениет саласына қатысты нормалар енгізілген.

Қазіргі сәт сайын құбылған әлемде азаматтардың құқығын қамтамасыз ету үшін  өзгерістерге бейім заң керек. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова осылай дейді. Сонымен қатар ол жаңа құжаттың жобасында адами капиталға баса мән берілгенін атап өтті.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің Конституциямыздың ең бір ерекшелігі бұл - адами капиталды, адамды Конституцияның қақ ортасына қойып қойғаны. Қазір еліміздің дамуы, бүкіл атқарылатын жұмыс, елдегі болатын өзгерістердің барлығы енді адамға қарай бұрылады. Конституцияның мәтінінде қазір құндылықтар жүйесі кеңейтілді. Конституциялық деңгейде қазір білім, ғылым, инновация,технология, адами капитал негізгі құндылықтар деп бекітіліп жатыр.

Конституция жобасы экология мәселесін де аттап өтпеді. Табиғатқа зиян келтіргендерге жаза күшеймек.

Елдос Абақанов, экология саласының сарапшысы:

- Екі өзгеріс бар. Бірінші, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін сақтау бойынша. Екінші, осы құзыретті органдардың немесе құзыретті мамандардың экологиялық заңнаманың бұзылуын айтпай, оны жасыруы мәселесі үшін жауаптылық бойынша. Яғни бұл нені білдіреді? Көп жағдайда бізде көптеген өндірістік аймақтарда ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Ол жақта құзыретті мамандар бар. Ол мамандар мүмкін экологиялық заңбұзушылық мәселесі болғанмен оны айтпай, жасырғаны үшін қазіргі таңда тікелей бап жоқ. Көбіне әкімшілік болсын, қылмыстық баптар бір нақты маманға емес, кәсіпорынға салынады. Енді қазір біз бұл форматты кеңейтеміз.

Ұлттық құндылықтарды сақтауға  қатысты өзгерістер де қамтылған. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізді сақтап, оны насихаттауға мүмкіндік береді.

Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:  

- Жаңа Конституцияның преамбуласында міндетті түрде тарихымызды сақтау мәселесі қарастырылған. Одан бөлек үшінші бабында басты қағидаттардың ішіне мәдениет, ғылым және білім саласының дамуы қарастырылған. Сондықтан бұл мәдениет саласының стратегиялық жұмысына, бағытына мүмкіндік беретін өте үлкен өзгерістер деп есептеймін.

Осылайша, Ата заңның жаңа редакциясында ұлттық бірегейлікті сақтап, адами капиталдың дамуына жағдай жасалмақ.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz