Кейінгі 2 жылда елдегі дәрігер тапшылығы 19,6 пайызға қысқарды. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі медицинадағы кадрларды даярлау және бекіту жүйесін қайта қарап жатыр.
Бұл туралы бүгін ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Жиын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті. Отырыста былтырғы жылға қорытынды жасалып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру барысы талқыланды.
Ұлт денсаулығын нығайту – ел дамуының басым бағыттарының бірі. Сондықтан салаға салғырт қарауға жол жоқ. Бүгінде медицнаның қолжетімділігі артып келеді. Қазір елдегі стационарлық қызметтің жұмысы пысықталып, жоспарлы емдеудің күту мерзімін қысқарту үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр республикалық деңгейде ревматология, нефрология және респираторлық медицина бойынша орталықтар ашылды. Ал стационарлық көмек құрылымын жетілдіру үшін биыл 53 облыстық көпбейінді аурухана мен 19 перинаталдық орталықты жаңарту шаралары басталды.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Былтырғы жылы 655 ауылдық елді мекендерге жаңадан медициналық пунктер, фельдшерлік акушерлік пунктер және дәрігерлік-амбулаторияларды салып, қолданысқа өткіздік. Бұл амбулаториялар қазіргі заманауи талапқа сай, қажетті жабдықтармен және телемедициналық консультация өткізуге арналған құрылғылармен жабдықталған.
Медициналық деректердің бірыңғай цифрлық қоймасы жасақталады
Елдегі денсаулық сақтау саласы жаһандық өзгерістерге бейімделіп, инновациялық технологиялармен қамтылып жатыр. Электронды денсаулық сақтау жүйесі аясында қағазбастылық азайып, науқастардың медициналық карталары цифрлық форматқа көшті. Ол дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қоймай, қызмет көрсету сапасы мен ашықтығын арттырған. Енді министрлік Емдеу және дәрімен қамтуды бақылау үшін онкологиялық қызметтің бірыңғай платформасын құруды көздеп отыр. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес, медициналық деректердің бірыңғай цифрлық қоймасын жасақтауды жоспарлаған.
Бейбіт Есенбаев, Республикалық электрондық Денсаулық сақтау орталығы бас директорының бірінші орынбасары:
- Медициналық деректердің бірыңғай цифрлық қоймасын жасақтауды бастап кеттік. Оны биылғы бірінші тоқсан соңында іске қосу жоспарланып отыр. Ол барлық медициналық ақпаратты бір жерге шоғырландыратын озық жүйе. Бірқатар ақпараттық ресурсты біріктіріп, науқастың денсаулық тарихынан бастап, қаржы ағындары мен медициналық көмек сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Елде дәрі-дәрмек өндіретін 6 зауыт салынады
Соңғы жылдары фармацевтика өнеркәсібі айтарлықтай қарқын алды. Мәселен, 2024 жылы оның көлемі 20 пайызға өскен. Алайда босаңсуға жол жоқ. Енді Қазақстан салада тек тұтынушы емес, препараттарды эскпорттаушы деңгейіне көтерілуді көздейді. Аяқалыс та жаман емес. Үкімет елдегі дәрі-дәрмек өндірісін локализациялайтын бірқатар инвестициялық жобаларды мақұлдады. Оның аясында дәрі өндіретін 6 ірі зауыт салынады. Онда жүздеген препарат шығару жолға қойылады.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Жаңа дәрі-дәрмек біздің елде толық циклмен шығарылатын болады. Шетелден ешқандай субстанция келмейді, осы жерде жасалатын болады. Бұл дегеніміз дәрілік тәуелсіздігіміздің әлеуетін жоғарылату болып табылады. Екінші мәселе ол біздің елде шығарылатын дәрі сапасын бақылау. Бұл Джиэмпи стандартқа сәйкес болуға тиіс. Бұл жөнінде біз келісімшартқа отырған кезде толық қарастырып және оны зауыт толық жұмыс циклінен шыққанша барлық кезеңде бақылап отыратын боламыз.
Ұлттық жобалар іске асып, жаңа медициналық нысандар бой көтерген шақта кадр мәселесі өзекті бола түсері сөзсіз. Бірақ ведомство бұл процесті де бақылауында ұстайды. Кейінгі 2 жылда дәрігерлер тапшылығы 19,6 пайызға, соның ішінде ауылдық жерлерде 26,7 процентке қысқарған. Ал кадр даярлау бағытында ақылы бөлім талапкерлері үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу шегі 80-90 балға дейін көтерілді. Сондай-ақ оқу орнында үшінші курстан кейін студенттердің білім дәрежесін міндетті түрде тексеру функциясы енгізілді. Сынақтан өте алмағандар оқудан бірден шығарылады. Мұндай шара білікті кадрлардың қалыптасуына септігін тигізеді, - дейді мамандар.
Авторлары: Альмира Оразбай, Асхат Қарақойшиев, Мұрат Арипханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #денсаулық сақтау #медициналық орталықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz