Наурыздан бастап Алматыдағы мемлекеттік балабақшалардың педагогтары жасанды интеллект платформаларын тегін қолдана алады. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының өкілдері хабарлады.
Мұндағы мақсат балабақшадан мектепке дейінгі бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру.
Алматы балабақшалары заманауи платформаларға келесі айдан қосылатын болғанымен №92 бөбекжайда жасанды интеллектті біраздан бері іске жарата бастаған. Мұндағы бүлдіршіндер сурет салу, танымдық ойындармен басқа да шығармашылық жұмысты цифрлық жүйемен ұштастырған. Мысалы, балаларға 3D-қаламдар арқылы бұйымдар жасау үйретеді.
Салтанат Садықова, балабақша тәрбиешісі:
- Gemini, Storybook, Creator арқылы балаларға түсінікті болу үшін визуалды ойын түріндегі қызықты тәсілдерді пайдаланамыз. ЖИ тәрбиеленушілердің танымды дағдыларын дамытуға ықпал етеді. ЖИ тәрбиешіге оқу метриалы мен тапсырмаларды әзірлеуде, оқу процессін ұйымдастыруда көмекші құрал ретінде өте тиімді.
Қазір бұл балабақшаның ұстаздары алты түрлі платформаны пайдаланып жүр. Өз тәжірибелерімен әріптестерімен бөлісуге дайын. Жуырда Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты Алматының 320 педагогын арнайы курстан өткізеді. Олар «Өнеркәсіптік инжинирингке оқыту және ChatGPT Edu-ды пайдалану» тақырыбында білімдерін толықтырады.
Сандуғаш Әтейбек, «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар» ҒӘО директорының орынбасары:
- Басты мақсатымыз – балабақшадан мектепке дейінгі үздік цифрлық ветикальді қалыптастыру. Яғни бала жаңа ортаға емес, өзіне таныс, қауіпсіз және жүйелі цифрлық білім беру кеңістігіне бейімделуін қолдау.
Бірте-бірте жасанды интеллект платформалары жекеменшік балабақшаларға да қолжетімді болады. Цифрлық технологиялар бүлдіршіндердің оқу үдерісіне енді қосыла бастаса мектеп ұстаздарының әжептеуір тәжірибесі бар. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиядағы сабақтар жасанды интеллект арқылы өтеді. Мұғалімдер күрделі тақырыптарды оқушыларға соның көмегімен әр қырынан түсіндіре алады. Осындай тәсілдің арқасында сабақ бұрыңғыдан да қызығырақ бола түскен.
Сандуғаш Әтейбек, «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар» ҒӘО директорының орынбасары:
- Екі жыл қатарынан ЖИ бойынша сабақ өтуде. Яғни 10-11 сынып оқушылары қамтамасыз етілуде және бұл одан әрі жалғаса беретін болады. Сонымен қатар Алматы қаласының білім басқармасы 2025 жылдың маусым айында барлық 225 мемлекеттік мектептердің педагогтерін ЖИ бойынша оқытудан өткізді 7 күн бойы.
Мамандардың айтуынша Алматыда 200 мыңнан аса оқушы мен педагог білім беру жүйесінде жасанды интеллект құралдарын қолданады. Олар ай сайын құжаттар мен графикалық жобаларды дайындау үшін 34 мыңға жуық операция орындайды екен.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балабақша #ЖИPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz