Өскемен тұрғындарын Ертіс өзенінің үстімен өтетін негізгі көпірдің жағдайы алаңдатып отыр.
Автокөлік өткеліндегі ой-шұңқырлар көлік қозғалысын баяулатып, кептеліс тудыруда. Тозығы жеткен асфальттың кей жерлері уақытша кірпішпен бітелген. Жөндеу жұмыстары алдағы көктемге дейін шегеріліпті. Бүгінгі күні нысан техникалық сараптамадан өткен. Қала әкімдігінің хабарлауынша, қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айына дейін жалғасады.
Өскемен қаласында Ертіс өзені арқылы өтетін екі көпір бар. Стратегиялық маңызға ие бұл нысандар қаланың өнеркәсіптік бөлігін «жаңа орталық» деп аталатын сол жағалау ауданынан бөліп тұр. Екі көпірдің де жүктемесі шамадан тыс деңгейде. Тәулігіне 70 мыңнан астам автокөлікті өткізеді. Көпір құрылысы, соның ішінде жол жамылғысы да жөндеуді қажет етеді. Көлік иелері шұңқырларды айналып өту мүмкін емес екенін айтады.
Көлік өткелі 2016–2021 жылдар аралығында ауқымды түрде қайта жаңғыртудан өтіп, тіпті кеңейтілген болатын. Бастапқыда әр бағытта 3 жолақ ашу жоспарланғанымен, кейін жобаға өзгеріс енгізіліп, жалпы саны 8 жолаққа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде қайта жаңғырту құны 2,5 миллиард теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін өсіп, шамамен бес есеге артты. Қоғам белсендісі әрі тәуелсіз жобалау ұйымының жетекшісі Роман Честных көпірдің қазіргі күйіне қарап жөндеу жұмыстарының сәтсіз жүргізілгенін айтады.
Роман Честных, қоғам белсендісі:
- Жұмыс басталғаннан бері бюджеті 4 есеге ұлғайды. Алайда атқарылған жұмыстың сапасына байланысты үлкен сауал туындайды. Нәтиже көңілден шықпайды. Қайта жаңғырту аяқталғанына төрт жыл болса да, біз әлі күнге дейін бүлінген жолмен жүріп келеміз.
Сарапшылар көпір салу кезінде өңірдің ауа райының ерекшеліктері міндетті түрде ескерілуі керек деп санайды. Бұл жақта қыс-көктем айларында ауа температурасы 20 градусқа дейін күрт өзгереді. Мұндай құбылмалы климат жол жамылғысының тез тозуына әсер етеді. Сондықтан көпірдің жол жамылғысына ылғалға төзімді, сапалы бетон қолданылуы қажет. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, бұл жолы барлық тәуекел факторлар ескеріліп, жөндеу жұмыстары сапалы әрі тиімді жүргізілетін болады.
Ләйлә Төлеубекова, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Көпірге техникалық тексеру жүргізіліп, оның бетон жамылғысына дейін күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды. Осыған байланысты жөндеу мерзімін айқындау үшін тұрғындар арасында сауалнама өткізілді. Қала әкімі жөндеу жұмыстарын мамыр айының соңында бастап, 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтауды тапсырды.
Өскемендегі көпірлер 1960–1970 жылдары салынған және қазіргі көлік ағымына төтеп бере алмайды. Көлік нөпірі артқан. Күніне 130 мыңнан астам көлік қозғалады. Сондықтан облыс орталығында ұзындығы 800 метрге дейінгі жаңа көпір салу жоспарланып отыр. Оның алдын ала жобалық құны 115 миллиард теңгеге бағаланған. Шығыны көп болса да, бұл қадам, көлік логистикасын жаңа деңгейге көтеретін бірден бір шешім болмақ.
Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #Ертіс өзені #көпір #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz