RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте қала көшелеріне 4 млн гүл егіледі

20.02.2026, 11:45 392

Шымкентте жылыжайларда 4 миллион гүл өсірілді. Биыл көктемде қала гүл өсіру бойынша рекорд орнатпақ. 

Қазір оларды гүлзарларға егу жұмыстары пысықталуда. Алайда көшеттер оңтүстіктің аптабына шыдай ма? Табиғат жанашырлары осылай деп алаңдайды. Себебі былтыр гүлдер мен ағаштар қурап қалған еді.

Шырайгүл, барқытгүл, сәлбен бәрі де көктемде қала көшелеріне өң беріп, шырайын ашады. Қазір егуге әзірленіп жатыр. Әр көшеттің күйі күнделікті бақыланады. Суарылып, тыңайтқыш беріледі. Температурасына баса назар аударылады. Биыл гүл өсірушілер рекордтық көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Сандуғаш Ташболатова, жылыжай қызметкері:

- Бұл гүлдер 80 пайызға өседі. Бойы 30 сантиметр болады. Сәуірден қарашаға дейін тұрады. Уақытымен суарып тұрса, қарашаға дейін барады, әдемі боп тұрады.

Гүл егу жұмыстары наурызда басталады. Көшеттер орталық көшелер мен саябақтарға, скверлерге сән бермек. «Қаланы әсемдеу ғана емес, көгалдандыру жұмыстары да басты назарда», - дейді жауаптылар.

Айдос Қуанышов, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы:

- Біз биыл Шымкент қаласы аумағына 1 млн 600 көпжылдық гүлдер егуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, 2 млн біржылдық гүлдер егеміз. Жылда егіп жүрген петуния гүлдері түрлі түсті болады. Сонымен қатар біз қала аумағына 1 млн 600 қызғалдақ гүлін ектік. Шымкент қаласының символы ретінде біз жыл сайын егеміз.

Былтыр қалада гүлдер мен ағаштар аптапқа шыдай алмай қурап қалғанын тұрғындар біраз талқылаған.         «Биыл ондайды болдырмау үшін суаруға ғана емес, топырақ сапасына да көңіл бөлу керек», - дейді экобелсенділер.

Ескендір Құнанбаев, экобелсенді:

- Гүлдерді егіп қана қоймай, бойындағы ылғалын, нәрін сақтау үшін арнайы жабын болуы керек. Әйтпесе гүлдер ыстыққа шыдамай, өліп қалуы әбден мүмкін. Жалпы қалада қараламаған гүлдер мен ағаштар тез қурап қалады. Оны көріп жүрміз.

Жасыл желектің жағдайын 6 мердігер мекеме қадағалайды. Гүлдерді өз қаражатына егіп, кейін бюджет есебінен маусым бойы күтіп-баптайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Мусатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz