Шымкентте балабақша тәрбиеленушілері жазу-сызудан бұрын егін егудің қыр-сырын меңгеріп жүр.
Қаладағы мектепке дейінгі ұйымдарда «Жасыл балабақша» жобасы жүзеге асып жатыр. Балаларға экологиялық тәрбие беріп қана қоймай, агроном, бағбан, эколог мамандардың маңызы туралы айтылады. Сондай-ақ әр өнімнің өсіп шығуы, оны күтіп-баптау жұмыстары түсіндіріледі.
Балабақшадағы жылыжайда жұмыс қарқынды. Бүлдіршіндер топырақты қопсытып, гүлдерді суарып жатыр. Жуырда еккен дәні көктеді ме деп жиі қарайды. Ересектер секілді бәрі шаруаның қамына кіріскен. Түрлі гүлден бастап, көкөністерге дейін осы балалар өсіреді.
Ақтұмар Ғабит, бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі:
- Өсімдіктерді суғарамыз. Далада гүлдер жайнайды. Бау-бақшадағы өсімдіктер маған ұнайды.
Жылыжайда қауіпсіздік қатаң бақыланады. Мұнда балаларға дәннен өнім алғанға дейінгі кезең толық көрсетіледі. «Бұл жоба оларды табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға үйретеді», - дейді тәрбиешілер.
Алмагүл Ахмет, бөбекжай-бақшасының әдіскері:
- Балалар кішкентай дәннен басталғаннан бастап, оны өлшеп, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жасауда. Сонымен қатар бізде тамшылату әдісі қолға алынған. Балалар суды үнемдеуге, сонымен қатар табиғатты аялауға, қамқорлық жасап жұмыс жүргізуде.
Әлемде экология мәселесі өзекті. «Ал оны шешу үшін бүлдіршін кезінен бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды», - дейді мамандар.
Айгерім Ертаева, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл жоба аясында бізде Шымкент қаласында 20 балабақша тартылған. Алдағы уақытта барлық мектепке дейінгі ұйымдарды кезең-кезеңімен тарту жоспарлануда.
«Жасыл балабақша» жобасының берері көп. Өйткені мұнда дән егіп, өнім алу жұмыстары ғана емес, табиғатты аялап, оны күтіп ұстаудың маңызы терең түсіндіріледі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мусатов
Тегтер #бүлдіршін #Шымкент #эколог #балабақшаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz