RU
Толық нұсқаға өту

Танымал тұлғалар референдумды қолдайды

21.02.2026, 18:05 249

Қоғам белсенділері бастап, өнер жұлдыздары қоштап, спортшы сайып-қырандар да республикалық референдумды қолдап, үн қосып жатыр. 

Олар әлеуметтік желіде, жаңа Ата Заң жобасы бойынша пікір білдіріп, отандастарымызды маңызды науқаннан қалыс қалмауға шақырды.

Елдің спорт саңлақтары Конституциялық реформаларды талқылаудан шет қалмады. Танымал дзюдошы Әбиба Әбужақынова алда келе жатқан референдумның маңызы жайында ой бөлісті. Балуан қыз өз сөзін өмірдегі күрес – татамидегі белдесуге ұқсайды деп теңеу білдірді. Сондықтан ертеңгі болашақтың жауапкершілігі ортақ деп отандастарына үндеу тастады.

Әбиба Әбужақынова, дзюдодан Әлем Чемпионатының күміс және қола жүлдегері:

- Татамиге шыққанда артыңда миллиондаған үміт тұрғанын сезесің. Ол саған соңына дейін күресуге күш береді. Үлкен спортта табыс өзіңе адал болып, таңдаған жолыңа берік болудан басталады. Сондықтан алдағы жаңа Конституция бойынша референдум – баршамыз үшін маңызды таңдау сәті. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер әр азаматқа әділ мүмкіндік беріп, жастардың құқығын қорғауға бағытталған. 15 наурызда мен еліміздің болашағын қорғап, осы реформаларды қолдап, референдумға қатысамын.

Көк туды желбірету отан алдындағы марапат. Олимпиаданың қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев осылай деп ағынан жарылды. Спортта да, өмірде де жетістікке жетудің кілті – жауапкершілік пен тәртіп екенін тілге тиек етті. Алдағы саяси науқан селқос қарайтын сәт еместігін еске салды.

Ғұсман Қырғызбаев, Олимпиаданың қола жүлдегері:

- Әділ бәсеке мен жүйелі тәртіп қана әлемдік деңгейде мойындалуға жол ашады. Әрбір белдесу команданың нәтижесі, әр спортшының жігері мен үлесіне байланысты екенін ұғындырады. Ел ішіндегі басты жетістіктер де ортақ тәртіптен басталады. Алдағы референдум – бүкіл Қазақстан үшін әділ қағидаларды бекіту мүмкіндігі. Біздің болашағымыз өз қолымызда!

Ал Ерболат Төлеген әлеуметтік желідегі парақшасында Конституциялық реформа туралы ой білдірді. Жаңа қадам ел дамуына тың серпін беріп қана қоймай, мәдениет пен өнердің өркендеуіне мол мүмкіндік ашатынын жазды.

Ерболат Төлеген, актер:

- Ата Заңымызға жаңа өзгертулер енгізіліп жатыр. Бұл атаулы тарихи күн. Біздің қазақ елі үшін, өскелең ұрпақ үшін ең маңызды күн. Соңғы рет конституциямызға 1995 жылы өзгертулер енген екен. Қадірлі достар, заман өзгеріп жатыр, соған байланысты біздің Конституциямыз да жаңарып жатыр. Осы тұста референдумға қатысу – әрбір Қазақстан азаматының борышы екенін еске салғым келеді, осы күннен қалыс қалмаңыздар.

Республикалық референдум – елде жүріп жатқан Конституциялық реформалардың шешуші кезеңі. Ел ертеңіне қатысты шешім қабылданатын маңызды сәт. Әрбір азаматтың дауысы құнды. 

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Нұрғали Мамырбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz