«Қаладан – ауылға». Абай облысында осындай атаумен өңірлік бағдарлама бастау алды.
Қанат-қақты жоба арқылы ауылға қоныс аударушыларға бизнес жүргізуге, баспаналы болуға, мал алуға жеңілдетілген несие беріледі. Қазір облыс тұрғындарының үштен бірі, ауылдық жерде тұрады.
Медеу ауылдық округіне қаладан тоғыз отбасы көшіп келуге дайын. Ауыл әкімінің айтуынша, оларға баспана мен тұрақты жұмыстан бөлек, 10 бас қой, екі бас ірі қара және бір жылқы беріледі. Сонымен қатар қоныс аударған әулетте сәби дүниеге келсе, оған ат мінгізеді.
Еркебұлан Кеңесбекұлы, Медеу ауылдық округінің әкімі:
- Қазір қарап тұрсаңыздар, барлық ауылдық округтер жан жағынан дамып жатыр. Әрбір ауыл тұрақты интернетпен қамтылды деп айтсақ болады. Жолдар дұрысталып асфальттанған. Ауылда тұруға барлық жағдай жасалып жатыр. Ауылдық округке келіп малын алса, жерін алса ары қарай өзінің кәсібін бастаса деген мақсатта ұйымдастырып жатырмыз.
Қоныс аударушылар үй алатын кезде біраз жеңілдіктерге ие болады. Әкімдік баспананың 90 пайызын өтеп береді.
Берік Уәли, облыс әкімі:
- Біздің ортақ мақсат ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Ауылды дамыту – ортақ жауапкершілік пен жүйелі жұмысты талап ететін стратегиялық міндет. Бірлесе әрекет етіп, біз ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереміз деп сенеміз.
Тұрғындар өзге де мемлекеттік бағдарламаларға иек артып, мемлекет тарапынан субсидияларға қол жеткізе алады. Жаңа бизнес-идеяларға да гранттар қарастырылады.
Нұрлан Назарханов, Шұғылбай ауылының әкімі:
- Ауылдың халқы демографиялық өздеріңіз білесіздер түсіп кетті. 90-жылдардан бастап қазір халықтың саны өте аз кейбір ауылдарда. Сондықтан жер бар жұмыс істеймін деген адамға біз әр жағынан көмектесуге дайынбыз. Үйлер салынып жатыр қазір, сондықтан мен ойлаймын бұл бағдарламаның өміршеңдігі алда.
Қазір Абай облысында 138 ауылдық округ пен кент бар. Бұл бастама сол ауылдардың жағдайын көтеріп, жаңғыртуға бағытталған. «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы 2028 жылға дейін жүеге асады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Мәди Базарбеков
Тегтер #қаладан ауылға #Абай облысы #жобаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz