Түркістан облысының Созақ ауданына алғаш рет табиғи газ желісі жетті. Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы жүзге жуық көшеге газ құбыры тартылды.
Жылдар бойы от жағып, көмір шығарып келген ауыл тұрғындары «өркениетке қолымыз жетті» деп, қуанып жатыр. Жауаптылар енді өзге де ауылдарға көгілдір отын жететінін айтады.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Айгүл Исаеваның шаңырағына бүгін газ келіп, қуанышы еселеніп жатыр. Себебі олар көгілдір отынды көп күтті. Жылдар бойы тонналап көмір алып, пеш жағып келді. Отанасы «сапасыз көмір дұрыс жанбай, үйдің іші көк түтін болатын. Енді бұл машақаттан құтылдық», -дейді.
Айгүл Исаева, Шолаққорған ауылының тұрғыны:
- Біз от жағатынбыз, көмір саламыз қанша жыл болды. Енді мінекей, біздің үйге бірінші болып кіріп жатыр. Газ кіріп, шайым қайнап, тамағым асулы дегендей, осының басында жүрген ер азаматтарға рақмет! Ел аман болсын. Мына газымыз ұзағынан болсын.
Созақ – Қаратаудың теріскейінде, солтүстігі бетпақ даламен шектескен ең шеткері аудан. Сондықтан мамандар бұл ауданға көгілдір отын жеткізу оңай болмағанын айтады. Алдымен аудан орталығынан автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып, Жамбыл облысының Жаңатас қаласынан Шолаққорған ауылына дейін газ құбыр тартылған.
Амангелді Шұбаев, мердігер мекеме басшысының орынбасары:
- Бүгінгі таңда 216 шақырым әр көшеге газ құбыры тартылды. 4600 абонентке тартып беріп жатырмыз. Бүгінгі таңда әрбір көшеге газ берілсе, одан кейін әр үй техникалық сипаттамасын алғанан кейін кезең-кезеңімен керек құжаттарын тапсырады.
Нәтижесінде биыл Шолаққорған ауылындағы 15 мыңға жуық халық көгілдір отынға қосылып, өркениеттің қызығын көреді. Қалған елді мекендер 2027 жылдың соңына дейін қосылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд теңге.
Жандос Тасқараев, аймақтық газ таратушы мекеме басшысының орынбасары:
- АГТС-тен қуаттылығы сағытана 30 мың текше метр шығады. Қосылған жерінен бастап 44 шақырым, Созақ ауданның барлығына есептеп шығарылған. Қосымша бере береді, барлық елді мекенге жетеді.
Былтыр Түркістан облысын газбен қамту бойынша 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Жыл соңына дейін соның 45-сі пайдалануға берілді. Нәтижесінде 70 мың халқы бар 41 елді мекен табиғи газбен қамтылды.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жалпы Түркістан облысы аумағында 807 елді мекен бар. Өткен жылы 606 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 1 млн 900 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрді. Мамандар биыл тағы 42 елдімекен газға қосылады деп отыр. Бұл халықтың тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #табиғи газ #Түркістан облысы #елді мекенPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz