Түркістан облысында бастауыш сыныптың бағдарламасын еркін меңгерген төрт жасар бала тұрады. Әли Адамбек есімді бүлдіршін құрдастары әліпби жаттап жүргенде, күрделі есептерді оп-оңай шығарады.
Оның білімге деген құштарлығын мектеп ұжымы да жоғары бағалап, ресми түрде оқуға қабылдаған.
Төрт жастағы Әли Адамбек - сыныптағы ең жас оқушы. Бойы тақтаға әзер жетсе де, танымдық қабілеті жоғары. Оның оқып білуге деген құштарлығынан ойын баласы емес, нағыз ізденімпаз екенін аңғаруға болады. Ұстаздар қауымы оның есепке жүйріктігі мен есте сақтау қабілетіне жоғары баға беріп отыр.
Әлия Миятбекова, Алтынтөбе атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі:
- Байқап қарасақ, менің оқушыларымның деңгейінен жоғары. Үш таңбалы сандарды қосып, азайтып жатыр. Екі амалды беріп көрдім. Оны шығарды. Оқи ала ма екен деп әліппені берсек, әліппені де оқыды. Әріптердің бәрін алфавит бойынша тоқтамай 42 әріпті орнын өзгертпей айтып бере алады. Жатқа біледі.
Әлидің ерекшелігін ата-анасы ерте аңғарған. Ол небәрі екі жасында әріп танып, үш жасында сандарды көбейтуге бейімделгенін айтады. Отбасындағы кенже ұлдың зеректігі ағаларының үй тапсырмасына көмектесіп отырғанда байқалған.
Нұргүл Мырзағали, Әлидің анасы:
- Бір күні қарасам, 3 сыныптағы баламның 105-ші сабақ деген математикалық жинағы бар, соның бір бетіндегі бір таңбалы сандарды қосып алуды бір қатарын шығарып тастап екінші қатарын жазып жатыр ғой. Ұйықтар алдында үнемі мама есеп айтайықшы дейді. Солай күнделікті жарты сағат есеп айтамыз. Жат енді ұйықта деп жатсам, ағылшынша көбейту айтып жатыр. Жасы енді үштен асқан.
Бүгінде төрт жастағы Әли мектепалды даярлық тобын тәмәмдап, жоғары сынып оқушыларымен жарысып есеп шығаруға көшкен.
Бақдәулет Жетібай, Алтынтөбе атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі:
- Мен келген кезде оқушылардан көбейту кестесін сұраймын ғой. Көбейту кестесін айтсам, осы бала тез жауап береді. 9х8 қанша десем, 72 деп айтып қоя береді. Басқалардан сұрасам да осы айтады. Екі таңбалы сандарды ойша көбейтеді. Негізі біздің оқушылар баған түрінде көбейтеді.
Алғыр баланың қабілеті мұнымен шектелмейді. Әли қазақ әліпбиін толық меңгеріп қана қоймай, қазіргі таңда ағылшын тілінде оқып-жазуға да ерекше ықылас танытып жүр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #балалар #математика #білім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz