Былтырдан бері Абай облысына 500-ден астам адам мемлекеттік бағдарлама аясында көшіп келген.
Өзге өңірлерден қоныс аударғандардан бөлек, сырттан келген қандастар да бар. Көбі жұмысқа орналасып, кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп әкетті. Жетісудан Мақаншы ауданында көшкен Нұрхат Баелов отбасылық кәсіп бастап, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр.
Екі жыл бұрын Жетісуден отбасымен бірге көшіп келген Нұрхат Баелов мемлекеттен қолдау алып, баспаналы болды. Бүгінде жеке шаруашылығын дамытып отыр. Қазір мал бордақылап, ет сатумен айналысады. Айтуынша, еңбек етемін деген адамға қай жерде де жұмыс табылады.
Нұрхат Баелов, ауыл тұрғыны:
- Жер сал, егін саласың жаңағы шөп өндір. Малды қара. Жетісу облысында мен басқа да жұмыстарды істегенмін. Малға үйренгеннен кейін малға жететіні жоқ екен енді шыны. Бәрі бірден болмайды ғой. Бірдеңесі болады жаман деп айтпаймыз. Ауылды жердің бәрі жақсы ғой.
Жұбайы Жазира Тәуетова Әсет Найманбайұлы атындағы музейде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ол мәдениет ошағын көруге келгендерге ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып береді. Баеловтардың екі баласы ауыл мектебінде оқып жүр.
Жазира Тәуетова, ауыл тұрғыны:
- 2024 жылдан бастап Сәкен Сейфуллин атындағы Мақаншы орта мектебінде ұлым мен қызым білім алуда. Алдағы жоспарымызда сол кәсібін дөңгелету. Ал мен осы ақынның әдеби мұрасын насихаттау.
Былтырдан бері Абай облысына еңбек ұтқырлығын арттыру бағдарламасымен 508 адам көшіп келді. Оның 138-і оңтүстік өңірлерден қоныс аударса, 115-і қандасымыз.
Ерсін Құдайбергенов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
- Көшу шығыстарын бір реттік өтеу үшін отбасының әрбір мүшесіне бір реттік төлем қарастырылған. Сонымен қатар тұрғын үй жалдауға, коммуналдық шығындарды өтеуге отбасының құрамындағы адам санына қарай 15 АЕК-ден 30 АЕК дейінгі материалдық көмек беріледі.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Мемлекеттік қолдау шеңберінде 401 адамға бір реттік жәрдемақы берілді. 45 отбасының пәтер жалдау ақысы өтеліп, тағы сонша жанұя баспана сатып алуға сертификат алды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 318 миллион теңге бөлінген. Ал биыл 539 адамға квота қарастырылып отыр. Тұрғын үй алуға берілетін сертификат мөлшері де 7 миллион теңгеден асты.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Абай облысы #қоныс аудару #бағдарлама #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz