RU
Толық нұсқаға өту

Елде су тасқынының алдын алу іс-шаралары жүріп жатыр

23.02.2026, 08:12 170

Қыстың жайын айттық. Енді таяп қалған көктемге келейік. Елде мыңнан астам елді мекенді су басу қаупі бар. 

Өңірлерде қазір су тасқынының алдын алуға дайындық қызу. Бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Өзен-көлдердің арнасы тазартылып, жағасы бекітіліп жатыр. 

Ақмола облысындағы Жабай, Қалқұтан, Шағалы, Нұра және Есіл өзендерінің 60 шақырымы тазартылды. Бұл өзендер жыл сайын тасиды. Атбасарға Жабай өзенінен қауіп төнетін. Жалпы әр көктем сайын 16 елдімекенді төтенше жағдай қызметі бақылауда ұстайды. Былтырдан бері тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілді. 17 гидротехникалық нысан қайта жаңғыртылды. 50 шақырымға жуық канал тазаланып, 40 шақырым бөгет тұрғызылды. Қарғын су жүретін арналарға 325 құбыр орнатылды. 

Әділхан Жұматаев, мердігер:

- Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 70 пайызы орындалды. Қазір өзен арнасын кеңейтіп, жаңа бөгет орнатып жатырмыз. Бұл жұмысқа шамамен 100-ге жуық техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылды. Жазға дейін барлық жұмысты аяқтаймыз. 

Батыс Қазақстан облысындағы Деркөл, Быковка, Шаған өзендерінде су деңгейі көтерілсе Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласына қарғын судан қауіп бар. Сондықтан өңірде көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық басталып кетті. Облыс орталығынан 450 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Негізгі жұмыстар жеке секторда жүргізіліп жатыр. Шаһарда 15 қауіпті учаске анықталған. Ол жерлерде ұзындығы 11 шақырым болатын бөгеттер бекітілді. Алдағы уақытта коммуналдық қызметтер арықтар мен су арналарын тазалауды бастайды. Тасқын судан қауіп туса 4 мың адамға арналған 16 эвакуациялық пункт дайындалды. 

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Орал қаласының айналасында, үш өзеннің жайылымдарында 140 бау-бақша серіктестіктері бар. Қауіпті жерлерде тұруына байланысты біз Орал қаласы әкімдігінің қызметкерлері барлық 140-қа жуық бау-бақша серіктестерін аралау жұмыстарын жүргіздік. Яғни әлі де қыстап жатқан тұрғындар бар. Сол себепті біз мыңға жуық отбасын аралап шықтық. Әлі қыстап жатқан адамдардың қолдарына ескертпе қағаздарын бердік және әрбір тұрғынның қолын қойдырып, ұялы телефонын және отбасы жөнінде ақпарат толықтай алдық. 

Жайықтың жағасындағы ауылдарда дайындық қауырт. Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы Талдыкөл және Бейбарыс ауылдарын тасқын судан қорғау үшін 9 шақырым бөгет тұрғызылды. Сондай-ақ аудан орталығы мен Алға ауылындағы жағалаудың былтыр басталған құрылысы аяқталды. Осы мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге қаражат бөлінді. 

Қайрат Нұрлыбаев , Махамбет ауданының әкімі:

- Талдыкөл және Бейбарыс ауылдары Жайықтың жағасында болғаннан кейін былтыр тасқын су қауіп төндірген. Соған байланысты жоба жасақтағанбыз. Ол жоба 4,6 млрд теңгені құрайтын Талдыкөл ауылының жобасы биыл қаржы бөлініп, басталды қазір жұмыстары. Оған қосымша тағы да үш ауылдың жаға бекіту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттамасын жасақтауға қаржы бөлдік.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қарсы жедел әрекет ету тобы құрылды. Оның құрамында екі мыңнан астам азамат бар. Құтқарушылар мен күштік құрылым өкілдері, жергілікті атқарушы билік органдарының мамандарына бір жарым мыңға жуық құтқару-инженерлік техникасы берілді. Қазір өңірде су басуы қауіпі бар 112 елді мекен бақылауға алынып, қар шығару және арық жүйесін тазалау жұмыстары атқарылып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі аталған аймақтарда 7 мыңға жуық адам тұрады дейді. 

Әсет Шайкин, ТЖД басқармасының бастығы:

- Төтенше жағдайлар қызметкерлерінен құралған топтар наурыз айының басында қауіпті аймақтарға аттанады. Олар Уәлиханов, Ақжар және Есіл өзенінің бойындағы Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында шоғырланады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Өңірлерде мұз жару жұмыстары жоспарланып отыр. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында 42 учаске белгіленсе, Ақтөбе облысында Ойыл мен Қобда өзендері және дәл осы Елек өзенінің мұзын жару көзделген. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz