Жамбыл облысында биыл 76 каналға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 51 мың гектардан астам егістік алқабына су еш қиындықсыз жеткізілмек.
Бұған дейін бұл арналар әбден тозып, шаруашылықтарға су таратуда кедергілер туындаған еді. Енді екі жыл ішінде 430 шақырым су арнасы жаңғыртылады.
Байзақтық Данияр Нұрханов басқаратын шаруа қожалық 25 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Қожалық иелігіндегі 300 гектар жерге жыл сайын қант қызылшасы, қарбыз, арпа мен бидай егіледі. Алайда суару маусымы басталғанда қиындықтар туындайды. Себебі су арналары кеңестік кезеңнен бері жөндеу көрмеген. Арық-атыздар жиі бітеліп, келген судың 30 пайызы жерге сіңіп кетеді.
Данияр Нұрханов, Шаруа қожалығының басшысы:
- Су жетіспеушілік болатын. Енді кезекпен алатынбыз ғой. Жылда көктемде осы каналдарды өзіміз шаруалармен бірге тазалаймыз. Қазсушардың қызметкерлері бар. Сол бәріміз көктемде шаруа болғаннан кейін тазалайтынбыз.
Мәселені оң шешу мақсатында биыл Байзақ ауданындағы 17 су арнасының табаны мен ернеуі бетон жабынымен қапталады. Бұл жұмыстарға халықаралық Ислам даму банкінен 4,5 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 4700 гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Қасымбек Жүзбаев, «Қазсушар» РМК Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы:
- Кеңес дәуірінен кейін бетондау жұмыстары көп жүргізілмеген каналдарға биыл сол бетондап жатырмыз. Ал болашақта барлық каналды бетондаймыз деп жоспарлап отырмыз. Әр каналда 4-5 техника тұр. 20 шақты адамнан жұмыс істеп жатыр. Өйткені бұның бізде күтетін уақыты аз. 24-ақ ай мерзімге берілген. Сол 24 айдың ішінде біз 17 каналды толығымен жөндеу жұмыстарын жасап үлгеруіміз керек.
Мерей Бает, тілші:
- 10 шақырымдық мына Жаңа Михаилов каналы 830 гектар егістікке су таратады. Бұл шамамен 50-ге жуық шаруашылықтың жері. Қазір арнаның 4 шақырымы бетондалып жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталса су алатын қожалықтар саны 70-ке дейін артпақ.
Биыл облыстағы бес ауданда ұзындығы 430 шақырымдық 76 канал қайта жаңғыртудан өтеді. Олардың басым бөлігі Шу ауданы аумағында орналасқан. Аталған ауданда жөнделетін 45 арнаның жалпы ұзындығы 277 шақырымға жетеді.
Төлебек Құлекеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Суаруға мүмкіндік көбейеді егістік алқаптарды. Көкөніс алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде мынау өңірдің әлеуемттік маңызы бар тауарлардың пияз картоп дейміз ғой осылардың алқаптарын көбейте отырып, әлеуметтік азық-түлік тауарларының қауіпсіздігіне оң әсерін тигізетін болады.
Ауқымды жоба екі жылға жоспарланған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай аяқталса, 51 мың гектардан астам алқаптағы су мәселесі толық шешімін табады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #Жамбыл облысы #канал #су таратуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz