RU
Толық нұсқаға өту

Отандық автокөлік өндірісі қарқын алды

23.02.2026, 20:10 192

Алдағы 5 жылда Astana Motors зауыттарында шығарылатын автобөлшектердің жартысынан астамы отандық өндіріс болмақ.

Нәтижесінде импортқа тәуелділік азайып, көлік құны да қолжетімді бола түспек. Сонымен қатар отандық автоөндіріс үшін сыртқы нарыққа шығудың жаңа жолы ашылады. Қазірдің өзінде компания мультимедиалық жүйелер мен орындықтарды  шығарып жатыр.

Елде темір тұлпарлардың саудасы қыза түскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше Қазақстанда жаңа автокөліктердің сатылымы жыл сайын 5-15 пайызға дейін өсіп келеді. Былтырдың өзінде ресми диллерлер 230 мыңнан астам темір тұлпардың кілтін өз қожайындарына табыстаған.

Анар Мақашева, Қазақстан Автокөлік одағының президенті:

- Бүгінде отандық өндірістегі автокөліктерге қазақстандық орындықтар, мультимедиалар, аккумуляторлар орнатылып жатыр. Сонымен қатар локализациялау үлесін ұлғайту үшін өзге де жобалар қолға алынуда. Бұдан бөлек елде басқа да мемлекеттік бағдарламалар қабылданған.

Елде құрастырылған темір тұлпарлардың аты ғана емес, заты да өзіміздікі болуы үшін автоөндірушілер біріге әрекет етуде. Ал жергілікті жерде өндірілген бөлшектерді пайдалану арқылы темір тұлпардың жалпы бағасы төмендейді. Мәселен, былтыр Астана моторс компаниясының мультибрендті зауыты іске қосылғаннан кейін Chery, Changan және Haval брендтерінің құны 7-15% аралығында төмендеген екен.

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:

- Алдымызға қойған мақсат – автокөлік орындықтарының қаптамасын шығару, тігіп шығару және автокөлік еденінің қаптамасын шығару, глушитель, тормозной трубкаларды шығару. Осы қосалқы бөлшектерді 2026-2027 жылдары шығарады деп көздеп отырмыз.

Айта кету керек, былтыр ресми диллерлер арқылы сатылған темір тұлпарлардың 69 пайызы отандық өндірістегі көліктер болған. Қазір республика жолдарында жасы 20 жылдан асқан автомобильдердің үлесі басым. Енді саланың басты мақсаты – елдегі автопаркті жаңарту болып отыр.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz