Алматы жұртшылығы академик Айсұлтан Қалыбаевты соңғы сапарға шығарып салды. Көрнекті қазақстандық ғалым-физик 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қалыбаевтың есімі елдің ғарыш саласындағы елеулі жетістіктерімен тығыз байланысты. Ол 90-жылдардың ортасында Ұлттық аэроғарыш агенттігін басқарып, Талғат Мұсабаевтың «Мир» орбиталық станциясына жасаған екі сапарының бағдарламасын тікелей үйлестірді. Айсұлтан Әбділлаұлы жүзден астам ғылыми еңбектің және 30 авторлық куәлік пен патенттің авторы. Академик Қалы-баевпен қоштасуға, әріптестері достары және ғалыммен бірге қызмет атқарған жандар жиналды.
Академик Айсұлтан Қалыбаевтың Қазақстан ғылымындағы орны ерекше еді. Ол көбіне аспан механикасы мен ғарыштық ұшу динамикасын зерттеді. Қалыбаев – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика факультетінің түлегі. Алғашқы диссертациясын 1979 жылы қорғап, Жер полюстерінің қозғалысына арнады. Кейін 80-жылдары зымыран қозғалтқыштарының, реактивті және өзге де күштік қондырғылардың тиімділігін арттыруға бағытталған күрделі ғылыми мәселелерді шешумен айналысты.
Қырымбек Көшербаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Тәуелсіздіктің белең алған кезеңінде ол кісі Ұлттық ғарыш агенттігін басқарды. Қазақстанға жаңа технологиялардың енуіне, ғылым, жас кадрлардың ғылыми дайындығына ерекше үлесін қосты. Ол ұлағатты ұстаз да болды. Барлық ғылыми жетістіктерін туған еліне Қазақстанға аманат етіп тапсырды.
Академик Қалыбаевтың таланты қолданбалы физиканың көптеген салаларында айқын көрінді. Оның мұнай өндіру саласындағы зерттеулері кеңінен белгілі. Ғалым мұнай қабаттарының өнімділігін арттыру әдістерін әзірлеп, мұнай өнімдерін суық молекулалық жинақтау технологиясын енгізді. Сонымен қатар математика, нанотехнология және қорғаныс өнеркәсібі бағытында да іргелі еңбектер жазды. Жалпы алғанда, Айсұлтан Қалыбаев жүзден астам ғылыми еңбек пен 30-ға жуық, оның ішінде халықаралық патенттердің авторы болды.
Тынысбек Кәлменов, Академик, физика-математика ғылымдарының докторы:
- Айсұлтанның бір жақсы қасиеті өңшең жаңашыл еді. Қай жерге барса да, үлкен жаңа ғылымды, жаңа бағдарламаны іздейтін. Айсұлтан осындай бір үлкен мақсат, энергияны жалпы атмосферадан алу. Қалай алу керек сонымен айналысып жүрді. Үлкен нәтижелері бар еді. Көптеген мақалалары, кітаптары бар еді. Өзі көптеген оқушыларды дайындады. Білімі өте жоғары еді.
Айсұлтан Қалыбаевтың ғылымға қосқан үлесін әлемнің түрлі елдеріндегі әріптестері жоғары бағалады. Ол Халықаралық инженерлік академияның, Франция ғарыш ғылымдары академиясының, Циолковский атындағы Ресей ғарыш академиясының академигі атанды. Әлемнің бірқатар ірі университеттерінің құрметті профессоры болды.
Бұл – оның ғылыми атақ-дәрежелерінің бір бөлігі ғана. Айсұлтан Қалыбаевтың өмірден өтуі – қазақстандық ғылым үшін орны толмас қаза. Оның жарқын бейнесі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #айсұлтан қалыбаев #Алматы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz