RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да туризм индустриясына қажетті мамандарды даярлап жатыр

24.02.2026, 09:14 151

Шығыс Қазақстанда туризм индустриясына қажетті білікті мамандар даярлануда.

Әсіресе шекаралас аймақтарда арнайы оқу курстары ашылды. Мұнан бөлек, жоғары оқу орындары мен колледждерде үш тілді еркін меңгерген кәсіби гидтер мен мейрамхана ісінің шеберлері оқытылып жатыр. Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында 70-тен астам маман жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.

Шығыстағы сұлу табиғатты тамашалауға Германия, Ресей және Қытайдан келетін туристер көп. Бірақ шетелдіктердің көбі өздерімен бірге гид-аудармашылар ала келеді. Себебі тіл білетін маман тапшы. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің туризм саласында 15 мыңнан астам маман жетіспейді. Әсіресе шет тілдерін жетік меңгерген экскурсия жетекшісі, білікті аспаз, қонақүй қызметкеріне сұраныс жоғары. 

Альфия Бақпаева, музейдің бөлім меңгерушісі:

- Экскурсовод тек қана тарихты ғана білмейді, ол біріншіден психолог ретінде, ол бірінші коммуникатор деп айтамыз, ол жаңағы көптеген аудиториямен сөйлесе білу керек. Жас балалармен, жаңа молодежь деп айтамыз, келуші ересек адамдардың, ол жаңағы келген адамдардың санатына бөлу арқылы экскурсоводтың жұмысы өте сондай бір тиімді болып. 

Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы 400-ден астам демалыс орны 365 мың саяхатшыны қабылдаған. Сан бар, бірақ сапа ақсап тұр. Турбизнес өкілдерінің айтуынша, инфрақұрылымнан бұрын сапалы қызмет көрсететін кадр мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс.

Байжан Саржанов, аспаз:

- Тамақтандыру саласы қазір өте маңызды және кеңінен таралған болып саналады. Мен өзімнің планым ол болашақта оқуды бітіріп, өз жеке кәсібімді ашу. 

Мәселені шешу үшін Өскемендегі оқу орындары мобильді топтар құрған. Енді тәлімгерлер Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай сияқты шалғай аудандарға барып, ауыл жастарын оқытады.

Шынар Үкібаева, технологиялық колледж директорының орынбасары:

- Қатонқарағай ауылы, Марқакөл ауданы алдағы уақытта туристік орталықтардың әлеуеті жоғары аймақтар болып саналады. Сондықтан да енді осы аймақта осы аспазшы және де өндіріске күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажет мамандарды даярлау басым бағыттардың бірі деп білеміз.

Биыл салаға 15 миллиард теңгеден  астам инвестиция тартылды. Риддер тауларында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи шипажай салу жоспарланған. Жаңа нысандар ашылғанша, оған қызмет көрсететін мамандар дайын болуы тиіс.

Әлімжан Дайырбаев, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңа қонақүйлер мен демалыс базалары бой көтеріп жатыр. Оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету біздің негізгі міндетіміз. Алғашқы кезеңде мансаптық орталықтар арқылы 70 маманды қайта даярлаудан өткіземіз.

Шығыстағы туризмнің тасы өрге домалауы үшін табиғаттың сұлулығы ғана емес, білікті маман мен қызмет көрсету саласы тиісті талапқа сай болуы керек. Өңір басшылығы қазір осы бағыттарды дамытуға күш салып жатыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz