Күн жылынған сайын өңірлерде қауіпсіздік шаралары да күшейтіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданында жедел әрекет ету үшін азаматтық қорғау күштері жасақталды. Батыс өңірлерде де дайындық қызу. Өйткені Ресейдегі Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі көбейіп жатыр. Қазгидромет жалпы алғанда биыл 5 облысқа сақ болуды ескертті. Апаттың алдын алу жұмыстар қалай жүріп жатыр?
Шығыс жұрты көктемгі қызыл суға тосқауыл қою үшін сақ отыр. Өңірде тасқынға қарсы жұмыстардың жоғары деңгейі жарияланды. Болжам бойынша 7 аудан қауіпті аймақ саналады. Апаттың алдын алу шараларына 200-ге жуық ұшқышсыз ұшатын құрылғы қолданылмақ.
Өскемен
Амангелді Еңсегенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Жеке құрам барлық дайындық жұмыстарын жасап жатыр. Қазіргі таңда облыс көлемінде 3600-ден астам жеке құрам дайын деп айтуға болады. Оның ішінде 234 мотопомпа дайын, 75 жүзу қайықтары дайын.
СҚО
Тасқыннан Солтүстік Қазақстан да сескеніп отыр. 112 елді мекенді қызыл су басуы мүмкін. Қауіпті сейілту мақсатында 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде дамбалар екі есеге биіктетілді.
Бахтияр Бикенев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- Одан бөлек топырақ үйінділері монолитті бетонмен нығайтылды. Бұл гидротехникалық құрылыс нысандары қатты толқындарға төтеп бере алады.
Павлодар облысы
Павлодарда жауған ақ ұлпа қаланың өзіне қауіп төндіріп тұр. Қыс түскелі облыс орталығынан 600 мың тонна қар шығарылған. Ең алдымен су басу қаупі бар көшелер мен аулалар тазартылуда. Тура сол секілді жауаптылар Баянауыл, Ертіс және Железин аудандарын барынша бақылап отыр. 153 шақырым бөгет салынып, 36 арық жөнделді.
Думан Қыдырмоллаев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде әкімшілік тарапынан жабдықтар мен техникамен қосымша жарақтандыру жүргізілетінін атап өту қажет. Мысалға айтқанда, бізде қазір Успен ауданында, Май ауданында, Тереңкөл аудандарында мотопомпалар алынып, есепке қойылып жатыр.
Ақмола облысы
Ал Ақмола облысында көктем келсе болды Жабай, Қалқұтан, Нұра мен Есіл өзендерінің тасуы әдетке айналған. Әкімдік биыл бұл арналардың 60 шақырымын тазартыпты. 17 гидротехникалық нысанды жаңартып, 70 ауылдағы 64 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз еттік дегенді де айтты.
Ақмола облысы
Әди Халел, облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары:
- 2026 жылы қыс мезгізілінде қар шығару жұмыстарына 4 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Бұл сумма өткен жылға қарағанда екі есе көп.
Қарағанды облысы
Қауіпті деп танылған елдегі бес өңірдің бірі Қарағанды. 7 аудан мен төрт қалада тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Өзен арналары, гидротехникалық нысандар мен су қоймалары бақылауда тұр.
Думан Дәлешов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Іс-шара барысында 25 шақырымнан астам валдар нығайтылды. Одан басқа өзен арналарында 28 шақырымнан астам санациялау жұмыстары жүргізілді. 54 автомобиль жолдарында су өткізу қабілеті ұлғайтылды.
БҚО/Атырау/Түркістан облысы
Батыс Қазақстан облысы мұз жару жұмыстарын бастап кетті. Синоптиктер наурызда күн күрт жылынса, Тасқала мен Бәйтерек аудандарына қауіп төнетінін айтады.
Атырау билігі Махамбек ауданындағы ауылдарды тасқын судан қорғау үшін 9 шақырымдық жағалау бекіткен. Бөлінген 16 млрд теңгеге өзге де елді мекендерде богет соққан.
Түркістан облысында су арналары мен өзендерде қауіпті учаскелер анықталып, оларды нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір аймақтағы су қоймалары 59 пайызға толған. Оңтүстік өңірлерде қыс жайлы болғанымен, көктемде табиғаттың тосын мінез танытып тұратыны бар.
Тегтер #су тасқыны #алдын алу шаралары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz