RU
Толық нұсқаға өту

Биыл 23,8 млн гектарға егіс егіледі

24.02.2026, 19:30 138

Биыл елде бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарады. Оның орнына жоғары рентабельді дақылдар үлесін арттыруға басымдық беріледі. 

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы үкімет отырысында талқыланды. Жоспар бойынша биыл егіс көлемі 23,8 млн гектарға жетуі тиіс. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектар алқапқа артып отыр. Жалпы маңызды науқанға өңірлер қалай дайындалып жатыр? Дала дихандарын қандай қолдау шаралары күтіп тұр? 

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Әне-міне дегенше ақпан аяқталуға жақын. Демек көктем қыр астында. Қазір дала диқандарының алды саймандарын сайлап, техникаларын майлап, егіс науқанына әзірліктерін бастап кеткен. Бүгінгі таңда өңірлердің мәліметі бойынша техниканың дайындық деңгейі шамамен 80%-ға жетіпті. Бұл көрсеткіш алдағы бір айда егіс толық басталғанға дейін 100%-ға жетеді деп сендірді сала министрі. Айдарбек Сапаровтың ақпарынша, биыл жалпы елдегі егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектар болғалы тұр. Бұл өткен жылдан 180 мың гектарға көп. Соның ішінде, майлы дақылдар алаңы 55 мың, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға ұлғайған. Мұнымен қоса, биыл жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізат базасымен қамтамасыз ету жұмысына баса назар аударылады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Биылғы жылы, жүгері алқабын 265 мың гектарға жеткізу жоспарланып жатыр, бұл өткен жылдан 90 мың гектарға көп. Осы мақсатта министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде бізге ұқсас топырақ-климаттық жағдайларда жүгері өсіретін компаниямен кездесу өткізді. Бұл компания тұқым, тыңайтқыш жеткізу және өсіру тәжірибесімен бөлісу арқылы практикалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Шаруалар көктемгі жұмыстарын қамсыз атқарушы үшін үкімет оларға барынша қолдау көрсетіп келеді. Биыл дала және егін жинау науқанында жеңілдетілген несие беруге 700 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қазан айында басталғаны белгілі. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 2 мыңға жуық шаруа қолдау қаржысымен қамтылып үлгерген. Соның арқасында диқандар  қажетті көлемде тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштарды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туды.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ егіншілік департаментінің директоры:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыштарды енгіздік. Биылғы жылдың жоспары 2,3 млн тоннаны құрайды. Жалпы, әкімдіктермен қазір осы біздің негізгі зауыттармен келісімшарт жасау жұмыстары жүріп жатыр. 200 мыңнан артық минералды тыңайтқыштарды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды. Ішкі нарықта аграрийларды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша мемлекет тарапынан қолдау шаралары көрсетіледі. Биылғы жылы жергілікті бюджеттерде осы салаға 75 млрд теңге көзделіп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Егін егу және күзгі жиын терін науқанын қаржыландыру көлемін былтырғыдай 1 трлн теңге күйінде қалдырдық. Оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қаралған. Мемлекет басшысы қолдауының арқасында үшінші жыл қатарынан диқандарды қолдауға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Фермерлер үшін жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделіп отыр.

Айдарбек Сапаров отандық техниканы өндіру көлемінің ұлғайғанын да атап кетті. Министр мәліметіне сенсек, бір жылдың ішінде техника өндірісі 22%-ға өсіпті. Биыл машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8%-ға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсаты тұр. Бұл межені де ойдағыдай енсеруге ниетті сала жауаптылары. Жиында үкімет басшысы егіс алқаптарын әртараптандыруды биыл да жалғастыру керектігін айтты. Әсіресе жоғары табыс әкелетін және экспортқа шығатын дақылдардың алқаптарын кеңейтуге назар аударуды тапсырды. 

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz