Мектепте жүріп-ақ біраз мамандықтың әліппесін меңгеруге болады. Мәселен, елордадағы орта мектептің бірінде кибер сарбаздар тобы бар.
Дрон құрылғыларын қолданып, замануи әскери әдістер үйретіледі. Бірақ осындай машықтарға баулу үшін кәсіптік бағдар беруші бағытынан жаңылмау керек. Бұл өзекті мәселе. Өйткені дамыған елдер дипломға емес, дағдыларға бәс тігеді. Яғни ең алдымен қарым-қабілетке қарай нық қадам басса, бағындырмайтын белесі қалмайды.
Бұлар сапқа саналы түрде қосылды. Мектеп пәнін, әскер мәнін қатар білгісі келеді. Бірақ бәрімізге мәлім алғашқы әскери даярлық емес. Керісінше кибер сарбаз,-деп аталады. Саймандары да соған сай. Дронға ден қойып жатыр.
Іңкәр Ілиясбек, №115 орта мектебінің оқушысы:
- Біз бұл симулятор арқылы көптеген ғимарат, көпір, ағаштардың арасынан өтуіміз керек. Біздің басты мақсатымыз қолымызды дұрыс жаттықтырып, діттеген жерге жету. Бұл арқылы біз болашақта жақсы дронды қолданып шыға аламыз. Мен хобби ретінде емес, болашақта әскери бөлімдерге түсіп, осы дронды жақсы алып шығу. Яғни болашақта өз мамандығым осымен байланысты болғанын қалаймын.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Олар соқыр соқпаққа түспеу керек. Сондықтан мектептерге кәсіби бағдар берушілер бекітілген. Міндеті – балалардың машығын анықтап, мамандыққа баулу. Кибер сарбаз солай енгізілген. «Жас ұлан» ұйымымен арада келісім бар.
Ақжүніс Сағи, №115 орта мектебінің кәсіптік бағдарлаушысы:
- Ол үшін біз арнайы тестер, тренингтер және оқу орындарына экскурсиялар жасау арқылы оқушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстырудамыз. Қазір мектеп көптеген ұйым, жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп жатыр.
Бұл лазерлік принтер. Тақтайға кез-келген бейнені таңбалайды. Бұның бәрі өрендердің өнері. Ал еңбек сабағындағы екінші ермек – 3D принтері. Компьтерге енгізген кескінді айна-қатесіз кестелеп береді. Тек дәлдік керек.
Мұхтар Жақсылықұлы, №115 орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі:
- Өйткені балалар өлшем қойып үйренеді. Өлшемнің нақтылықтарын біледі. Әр өзінің саласында кәсіптерін дөңгелетіп кетуге пайдасын береді. Көркем еңбек пәні 5-9 сынып аралығында болады. 5-сыныпта сурет сабақтары өтеді. 7-8-ге қарай көбінесе балаларды кәсіби бағдарға дайындауға арналған. Болашақта өздерінің кәсібін таңдауға ыңғайлы.
Қыздар жағы тігін қондырғысын қолданады. Себебі ине-жіп өмірінің ажырамас бөлігі. Ісмер болмаса да, іске бекем болуы ләзім. Сондай-ақ робот техникасымен талаптанатындар бар. Бұйрық беріп, басқару үшін бұйым жасап, шыңдалады.
Марат Атаназаров, №115 орта мектебінің ІТ саласына даярлау мұғалімі:
- Біз осы кабинетте тек қана теориялық білімдерді беріп қана қоймай, оқушылар практикалық түрде болашақ мамандықтарына дайындықтарды бастайды. Инженер, программист немесе банк, медицина саласы болсын, барлығында қазір жаңа технологияны білу маңызды. Қазірден сол жаңа технологияларды тұтынушы ғана емес, болашақта соны жасайтын ұрпақтарды даярлау үстіндеміз.
Осылай мектептен бастап жүйелеп, жеткіншекті кәсіп таңдау жолында жетектеу керек. Әркім қабілетіне қарай қадам басса пайдасыз дипломның соңынан жүгірмейді. Қайта қабілет-қарымын шыңдап, дағдыларды үйренеді. Еңбек нарығында да елеулі орны болады.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Санжар Біргебаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #дрон #технология #мектепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz