RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында дәрігер тапшы

26.02.2026, 22:10 42

Ақмола облысындағы емдеу нысандарында 190 дәрігер жетіспейді. Әсіресе аудандық ауруханаларда акушер-гинеколог, кардиолог, офтальмолог мамандарға сұраныс жоғары.

Былтырдан бастап өңірде дәрігерлерге төленетін көтерме ақы көлемі екі есе ұлғайды. Ауылдық жерлерге баратын жас мамандарға сегіз жарым миллион теңге төленсе, қалалық ауруханаға орналасқандар 5 млн теңгеден алады. Қолдау шаралары артқанымен кадр тұрақтамайды. Бұған не себеп?

Бұландылық акушер Ольга Букарь жетпіс бір жаста. Осыдан 13 жыл бұрын зейнетке шыққан. Орнына жас маман болмағасын білікті дәрігер әлі де қызметін жалғастырып жүр. 

Ольга Букарь, акушер-гинеколог:

- Жастар келгісі келмейді. Олар жалақысы көп жекеменшік аураханаларда жұмыс істегенді құп көреді. Біз кез келген уақытта жас мамандарды қабылдауға дайынбыз. Бастапқыда тәлімгерлік жасап, бағыт-бағдар да берер едік.

Қазір аймақта 100-ден астам акушер жұмыс істейді. Бірақ, сұранысты толық қамтамасыз ету үшін әлі 18 дәрігер керек. Жас мамандар келмейді. Сол себепті аудандық ауруханада әлі күнге зейнет жасындағы дәрігерлер еңбек етіп жүр.  

Торғай Сәдуақасова, Бұланды аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Иә, қазір біздегі 3 акушердің екеуі емханада  қабылдау жүргізеді. Ал, бір маман аурухана да қызмет көрсетеді. Олардың қатарында зейнет жасындағы дәрігер де бар. Қазір біз жас акушерлерді жұмысқа тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, оқу орындарымен байланыс орнаттық.

Дәл осындай жағдай 70 мыңға жуық тұрғыны бар Бурабай ауданына да тән. Аудандық емдеу мекемесінде қазір 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ әлі 17 маманның орны бос тұр. Дәрігер тапшылығын ең алдымен басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халық қатты сезінеді. Бірақ, тұрғындар сұхбат беріп, мәселені ашып айтқысы келмейді. Ал бұл іске жауаптылар маман тартуға барынша күш салып жатырмыз дейді.  

Евгений Бекаев, Бурабай, аудандық емханасының бас дәрігерінің м. а:

- Былтыр аудан орталығында тұрғын үй салынып, 30 пәтер дәрігерлерге қарастырылды. Сондықтан қазір бізге  келген жас мамандарды біз баспанамен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Одан бөлек, көтермеақы да төленеді.

Білікті кадрлардың тұрақтамауына бірнеше себеп бар. Алдыңғы орында жалақы мен жақсы жағдай болса, кейінгісі елорданың жақын орналасуы. Яғни тәжірибе жинап алған дәрігер, айлық табысы жоғары Астанада жұмыс істегісі келеді. Сондықтан оларды ұстап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, - дейді жауаптылар.

Динара Баймағамбетова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Былтыр өңірге келген 4 дәрігерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме ақы төленді. Бұл мамандар облыс орталығына шалғай орналасқан Қорғалжын және Жарқайың аудандарына жіберілді. Биыл да жас мамандарды қолдауға облыстық қазынадан 722 млн теңге қарастырылып отыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында былтыр өңірге 97  медицина қызметкері келген. Осылайша, саладағы кардр тапшылығы шамамен 20 пайызға қысқарды. Жергілікті билік өкілдері, аталған шаралар жалғаса берсе алдағы 1-2 жылда дәрігер тапшылығын толық  шешеміз,- деп сендіріп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz