RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда AI Хакатон жеңімпаздары марапатталды

26.02.2026, 22:30 54

Түркістанда «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» атты өңіраралық 1-ші форум аясында өткен AI Хакатон сайысының жеңімпаздары марапатталды.

Қаржылық қауіпсіздік тетіктерін күшейтуге бағытталған жобаға еліміздің бірнеше өңірінен 114 команда қатысып, 5 бағыт бойынша бақ сынады.

Форумның екінші күні цифрлық трансформацияны жеделдету, мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллектті енгізу және қаржылық қауіпсіздік тетіктерін күшейту жайы сөз болды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жасанды зердені белсенді қолдану арқылы киберқылмыстың жаңа түрлері пайда болғанын, онымен күресте бір қадам алда жүретін сенімді қорғаныс жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:

- ЖИ мүмкіндігін толығымен пайдалану арқылы мемлекет қаржысын жымқыруды болдырмау және бюджет қаржысын үнемдеуді қамтамасыз етуіміз қажет. Форумда жиналған жас мамандар мен талантты жастардың жобалары біздің қауіпсіз болашағымыздың іргетасы. Сіздердің стартаптарыңыз жай ғана қағазы жүзіндегі жоба емес, ертеңгі күні өмірде қолданылатын маңызды құрал болуы қажет.

Екі күнге жалғасқан сайысқа 400-ге жуық жас қатысты. Олар заңсыз сатушыларды анықтау, лудоманиямен күрес, мемлекеттік сатып алудағы заңсыздықтарды анықтау, қаржылық пирамидаларға тосқауыл қою, күмәнді сайттардың жолын кесу сияқты бес бағыт бойынша жобаларын қорғады. Қазылар 114 жобаның ішінен 25-ін үздік деп танып, марапаттады.  Олардың ішінде Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің командасы да бар.

Нұрасыл Дәрібай, сайыс жеңімпазы:                            

- Бүгін Мемлекеттік сатып алу тақырыбын таңдаған болатынбыз. Сол жерде өзіміздің жобамызды көрсетіп, қазылар алқасымен жоғары бағаланып, 1-орын алып тұрмыз. Біз өте қуаныштымыз.

Жиын соңында форумға қатысушы жастар 15 наурызда ел болашағын айқындайтын маңызды қадам - референдумды қолдайтындарын жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz