RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысындағы көлік дәлізінде малды қағып кету азаймай тұр

27.02.2026, 07:39 30

Төрт түлікке келгенде Қызылорда облысындағы халықаралық автодәліз бойы да қауіпті.

Қараусыз жүрген мал көп. Әсіресе түнгі уақта қауіп күшейе түседі.

Ал малды байлап қоя алмайсыз. Бақташы бірде бар, бірде жоқ. Қайтпек керек? 

Баймұрат батыр ауылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан. Ауылда 300-ге жуық түтін бар. Халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Алайда елді мекенде төрт түлікті кезекпен бағатын бақташы жоқ. Соның салдарынан жол жиегінде жайылған малды көлік қағу деректері жиілеген. Тұрғындар мәселені талай мәрте көтергенін айтады.

Темірбек Қасымбеков, ауыл тұрғыны:

- Негізі енді пада шығарғанға жетпейді ғой, пада шығару керек негізі. Пада шықса трассаға шықпайды ғой. Азанда айдап кетсе, кешке айдап қайтса. Жиналыс сайын бұл мәселені қозғап жүрміз, ауылдың үлкен ақсақалдары қозғап жүр, падаға, мал бағуға падашы, ықылас жоқ ешкімде бағуға.

Мал жайылатын аумақтардағы жол жиегінде ескерту белгілері орнатылған. Осы учаскеде көлік жүргізушілер жылдамдықты азайтып, сақ болуы керек. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші: 

- Учаскелік полицейлер ауыл-ауылды аралап, тұрғындарға үнемі ескерту жасайды және әр түліктің мойнына жарық шағылыстыратын белдік тағуды ұсынады. Алайда тұрғындардың айтуынша, бұл белдіктер жыңғыл мен шеңгелге ілініп, көп жағдайда түсіп қалады екен.

Нұркен Бақтияров, ПД басқарма бастығының орынбасары:

- Үй жануарларының қатысуымен 2025 жылы 17 жол-көлік оқиғалары тіркеліп, соның салдарынан төрт адам қайтыс болған болса, 25 адам дене жарақаттарын алған. Ал ағымдағы жылы үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бес адам дене жарақатын алып отыр. Жалпы үй жануарларын жаю қағидаларын бұзу дерегі бойынша 2025 жылы 1104 тұлғаға, ал ағымдағы жылы жыл басынан бастап 48 тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бірінші бөлігімен әкімшілік шаралар көріліп, айыппұлдар салынды.

Мысалы, Қызылорда-Түркістан бағытындағы тас жол толықтай темір тормен қоршалған. Соның нәтижесінде мал қағу деректері бұл маңда біршама азайған. Мамандар мұндай қоршауларды өзге бағыттарға да кезең-кезеңімен орнату жоспарланып отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz