Атырау облысы Индербор кентінде мемлекеттік бағдарлама бойынша 2021 жылы басталған 80 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған.
Жоба бойынша нысан 9 ай ішінде пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда мердігер мекеменің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары созылып кеткен. Аталған жобаға бюджеттен 1 млрд 133 млн теңге бөлінген. Соған қарамастан, мердігер компания өз міндеттемелерін толық орындамаған. Қазіргі таңда жергілікті билік пен мердігер арасында сот процесі жүріп жатыр. Қаңырап бос тұрған құрылыс нысаны пәтер кезегінде тұрған азаматтардың үмітін үзе бастаған. Биылдан қалмай қоныс тойын тойлауды жоспарлаған тұрғындар енді тағы кемінде бір жыл күтуге мәжбүр.
Индербор кентіндегі 80 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй құрылысының мердігері «Оңдасын строй» мекемесі болатын. 2021 жылы шұғыл іске кіріскен мердігер үйді сол жылдың аяғында тапсыруға міндеттенеді. Алайда, сол міндеттерін орындай алмады. Сосын әкімдік сотқа берді.
Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:
- 2023 жылы мердігер мекемені сотқа беріп, талап арыз беріліп, сол жылы арыз қанағаттандырылды. Сонымен қатар 2024 жылы техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда жоба бойынша аяқталмаған, жасалатын жұмыстар бойынша жобаға түзету жұмыстары енгізілуде. Облыстық бюджеттік комиссияға жалпы ұсынысымызды беріп қойдық.
Бұл үйге баспаналары апатты деп танылған және мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген отбасылар қоныстануы тиіс еді. Бүгінде бөлінген 1 млрд 133 млн теңгенің 779 млн-ы игерілген. «Бастысы 5 жыл бойы тұралаған ғимараттың құрылысы әрі қарай жалғастыруға жарамды»,- дейді мамандар.
Дарын Ильясов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Ішкі жұмыстарға келетін болсақ, штукатор жұмыстары, стяжка жұмыстары соғылды, осыған дейін. Тастары, қабырғалары толығымен қаланды. Енді алдағы уақытта төбесін жабу жұмыстары жалғасатын болады. Қазіргі таңда техникалық зерттеу қорытындысымен бұл үй апатты деп танылған жоқ.
Биыл Индер ауданы бойынша 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Алайда олардың екеуі – Индербор кентіндегі осы 5 қабатты 80 пәтерлік тұрғын үй мен Есбол ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылысы белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, кідірістердің басты себебі – мердігер компаниялардың өз міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындамауы. Соның салдарынан бірқатар жобалар бойынша келісімшарт талаптары қайта қаралып, жаңа мердігерлер тартылған. Жергілікті билік алдағы уақытта мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуді жоспарлап отыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #Индер #тұрғын үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz