Қазақстан «Орталық Азия + Ұлыбритания» форматында алғаш рет Лондонда ұйымдастырылған басқосуға қатысты.
Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан әрі Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері жиналды. Қонақтарды Ұлыбританияның Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Иветт Купер қарсы алды. Кездесуде тараптар өңірлік күн тәртібінен бастап экономикалық ынтымақтастыққа дейінгі кең ауқымды тақырыптарды талқылады. Сауда, инвестиция және бірлескен жобаларды іске асыру бағытына баса мән берілді. Халықаралық тасымал дәліздерін дамыту мен өңірлік ықпалдастықты нығайту жайы да сөз болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев аймақ пен Ұлыбритания арасындағы прагматикалық әрі өзара тиімді стратегиялық іс-қимылдардың маңызын атап өтті. Бұл өңір елдерінің тұрақты дамуына ықпал ететінін жеткізді. Өз кезегінде Корольдіктің Сыртқы саясат басшысы Иветт Купер Орталық Азияны ынтымақтастығы күшейіп, халықаралық сахнада ролі арта түскен аймақ деп бағалады.
Иветт Купер, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:
- Жаһандық жағдайдың тез өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл біздің елдерімізге, экономикамызға және қауіпсіздігімізге әсер етпей қоймайды. Тәуекелдер бары анық, бірақ бірлесе әрекет етсек, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Екі жақты кездесулер барысында тараптар 2024 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания қол қойған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге тоқталды. Сыни минералдар саласына ерекше назар аударылып, алдағы жылдарға жоспарланған Жол картасының маңыздылығы айтылды. Құжат геологиялық барлау, қайта өңдеу және жаңа технологияларды енгізу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болмақ. Білім және ғылым саласында академиялық ынтымақтастықты кеңейту қарастырылды.
Салли Аксуорси, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі:
- Біз компанияларымыз арасындағы серіктестіктің нығайғанын қалар едік. Қазақстан үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Бұл әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі әрі өршіл мақсаттары бар ел. Британ бизнесінің оның дамуына белсендірек араласқанын құптаймыз.
Тегтер #Орталық Азия #Ұлыбритания #кездесу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz