Шалғайдағы ауылда өрт тұтана қалса, тұрғындар арнайы бригаданы күтіп, уақыт жоғалтпайтын болды.
Төтенше жағдай кезінде «Ауыл құтқарушылары» көмекке келеді. Түркістан облысының Сайрам және Ордабасы аудандарында өрт сөндіру бекеті ашылды. Бүгінде Түркістан облысында еріктілердің 8 бекеті жұмыс істейді. Онда елуге жуық тұрғын жұмыспен қамтылған.
Сайрам ауданында екі бірдей жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысандар Қарамұрт пен Құтарыс ауылдарында орналасқан. Қарамұрт ауылындағы бекет 20 мың халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда да өрт сөндірушілерге қолайлы жағдай жасалған. Арнайы техника және құрал-жабдықтармен қамтылған. Салтанатты рәсімде өңір басшысы Нұралхан Көшеров бұл нысандар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Өрт айтып келмейді. Ол бір сәтте, мезетте болады. Сондықтан уақытты күттірмейтін нәрсе, сондықтан осындай шараларды біз іске асырып, ең бастысы сіздердің өңірдің қауіпсіздігі ойлаудың нақты белігсі деп ойлаймын.
Құтарыс ауылында ашылған бекет те қажетті құралдармен жабдықталған. Мамандар ауыл тұрғындарынан құралған құтқарушы жасаққа өрт сөндіру көлігінің қыр-сырын таныстырды. Құтқарушылардың ішінде көлік жүргізушісіне артылар жүк ауыр. Бұл жауапкершілік жергілікті тұрғын - Асхат Мырзатаевқа жүктелді. Оның жұмысқа қабылданғанына 1 айға жуықтаған. Жылдар бойы жүк көлігін тізгендеген азамат өрт сөндіру көлігін де ақырындап меңгеріп келе жатқанын айтады.
Асхат Мырзатаев, өрт сөндіру бекетінің қызметкері:
- Ия, жүк көлігін айдағанбыз. Айырмашылығы бар екен. Оны үйреніп жатырмыз. Бұрыннан істеп келе жатқандар үйретіп жатыр. Қалай қосу керектігін. Ары қарай алып кетуге тырысамыз. Насос қосу, су шашу деген нәрселерді үйретіп жатыр.
Мұндағы бекетте 8 адам жұмыс істейді. Оның барлығы ауыл тұрғыны. Ал ғимарат құрылысының қаржысы жергілікті кәсіпкерлер құрған қордың есебінен алынған. Кәсіби өрт сөндірушілер ауылды жерде дала өрті жиі болатындықтан бұл бастаманың пайдасы орасан дейді.
Мүният Рахымжанов, №23 өрт сөндіру бекетінің бастығы:
- Жазғы ыстық кезінде өрт көп болады. Айналада баулар жанған былтыр. Тұрғын үй, мазарат жанады, дала өрттері болады, бидай өртенеді. Ауыл үлкен, бұл жерде халық көп.
Жақында Ордабасы ауданының Бөген ауылында да осындай бекет ел игілігіне берілді. Нысан ішінде асхана, киім ауыстыру және жатын бөлмесі бар. Ғимарат талапқа сай жабдықталған. Апатқа қарсы қолданатын құрал-жабдықтар да толық.
Бағдат Шайзада, облыстық ТЖД бастығы:
- Біздің тарапымыздан сол салынған бекетке техниканы жөндеп, дұрыс жұмыс істейтін техника береміз. Одан соң оқу-жаттығу өткізіп, осында жұмыс істейтін жігіттердің кәсіби дайындығын пысықтаймыз.
Былтыр Төтенше жағдайлар министрілігінің бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында елдімекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесі нығайып келеді. Биыл Түркістан облысында осындай 41 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #өрт сөндіру #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz