RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл ауылында он жылдан бері ешқандай қылмыс жасалмаған

28.02.2026, 13:09 49

Жамбыл облысындағы Жамбыл ауылында соңғы 10 жылда бір де бір құқық бұзушылық дерегі тіркелмеген.

Бұған себеп елді мекеннің арақтан мүлде бас тартуы. Оған қоса ондағы жастар ауыл ақсақалдарының айтқанын екі етпейді. Жасы да кәрісі де спортқа бейім.

Жамбыл ауылы Жамбыл ауданына қарасты шағын ғана елді мекен. 7 жыл бұрын ауыл ақсақалдары мен әкімдік, полиция қызметі бірігіп ішімдіктен арылту  туралы бастама көтерген. Игі істі дүкен иелері де бірден қолдапты. 

Мейрамкүл Сейітниязова, жеке кәсіпкер:

- Дүкендердің иелері ойлауы мүмкін арақтан көп пайда түседі, арақты сатпай қойсақ табысымыз азайып қалады дегендей. Мен өзім олай емес деп ойлаймын. Құдайға шүкір, қазір барлық жақтагн тауарлар келіп жатыр, дамып жатырмыз. Керісінше осындай игі бастаманы бастағаныма өзім өте қуаныштымын. 

Бірлігі жарасқан ауылдың жасы мен кәрісі спортқа үйір. Ақсақалдар жүйелі түрде дойбы мен шахмат ойнайды. Ал жастар футбол мен күрес бокспен шұғылданады. Мұнда аталар сөзі ешқашан жерде қалмайды. Өсіп өнген ауылдың өрендері үлкендерден үлгі алады. 

Бекмұрат Алтынбеков, ауыл тұрғыны:

- Той жиындар болған кезде әйтеуір жақсылап өткізіңдер, ешқандай ұрыс керіс болмасын деген сияқты ақылдарымызды әр уақытта айтып отырамыз. Олар да сондайды тыңдап өскен. Балаларымыздың бәрі спортпен шұғылданады. Кешке таман мектептен білім алып келген соң жаздыгүні спорт кешендеріміз бар мектептің жанында. Кешке таман бір мезгіл ойнайды бәрі.

Қазір арақ-шарапсыз ауылдың ырысы артып, берекесі кірді. Бүгінде бірлігі жарасқан ел өзгелерге үлгі болып отыр. Жалпы облыс бойынша дүкенінде алкаголь сатылмайтын 40 ауыл бар.

Мадияр Қожахметов, Жамбыл аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Ауданымызда қылмыстар болады. Оның басым бағыты алаяқтық, отбасылық жанжал және де ұрлық. Енді біз мынау арақсыз ауыл көшкен ауылдарда ешқандай қылмыс орыналған жоқ. Сондықтан да осындай қылмыстардың алдын алу үшін басқа да ауылдарымызды арақсыз ауылға көшірсек деген ниетіміз бар. Сондай жұмыс жоспарымыз. 

Ауыл дүкендерінен ішімдікті алып тастау бастамасы қылмыстың алдын алуға оң әсер етіп отыр. Мәселен, мұндай ауылдарда жыл басынан бері құқық бұзушылық деңгейі 15 процентке азайған. Сондықтан тәртіп сақшылары жергілікті билікпен бірлесіп, жыл соңына дейін арақсыз ауылдар санын арттыруды көздеп отыр.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz