Ақтауда ЮНИСЕФ ұйымының бастамасымен жастар хабы іске қосылды.
Игі бастама белсенді жастардың көшбасшылық қабілетін дамытып, өңірдегі еріктілер қозғалысын жандандыруды көздейді. Хаб жергілікті университет базасында құрылды. Мұнда еріктілер балалардың өмірін жақсартуға бағытталған жобаларын жетілдіріп, өз білімін шыңдауына мүмкіндік жасалған.
Жастар хабы бұл еріктілердің өзара пікір алмасып, балалардың игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асыратын орталық. ЮНИСЕФ ұйымы волонтерлердің игі бастамаларын қолдауға ниетті. Мәселен, ақтаулық оқушылар ұсынған ІТ жоба көпшіліктің көңілінен шықты. Дарынды жеткіншектер балалардың көшеде қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін мобильді қосымша жасап шығарған.
Зейне Серік, жоба авторы:
- Біз «Сақ-робот» деген қолданбаны ойлап тапқан болатынбыз. Жасанды интеллект бойынша ақпараттарды анализдеу арқылы мобильді қосымша адамдарға ең жеңіл және ең қауіпсіз маршруттарды көрсетеді. Онымен қоса, SOS батырмасы жұмыс жасайды. Яғни балаңызға қандай да бір қауіп төнетін болса, ол бірден ата-анаға ескертеді. Бейнекамера, диктафон арқылы әртүрлі дәлелдерді бірден жинайды.
Оқушылардың бұл жобасы Алматыда өткен ұлттық жастар форумында жоғары бағаланды. Халықаралық ұйым мобильді қосымшаны жетілдіру жұмыстарын биыл аяқтап, еліміз бойынша қолданысқа енгізуді жоспарлап та қойған. Жиында сөз алған халықаралық ұйым өкілі Маңғыстау жастарының белсенділігін ерекше атап өтті. Еріктілер соңғы 6 айдың өзінде бірнеше ауқымды шара өткізіп, 10 мыңнан астам балаға қол ұшын созған.
Рашед Мұстафа Сарвар, ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілі:
- Біз биыл Қазақстанның батыс өңірлерінде бірегей жастар хабын құрдық. Яғни ЮНИСЕФ өңірлік жобаларды қолдауға дайын. Бұл орталықта көшбасшы жастардың бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған онлайн курстар өтеді. Халықаралық волонтерлер жылының ұлттық жоспары аясында биыл еріктілер «UNICEF Zhastary» цифрлық платформасын қолдануға мүмкіндік алады.
Ақтауда жастар хабының құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жарияланған халықаралық волонтерлер жылымен тұспа тұс келді. Іс-шаралардың ұлттық жоспары өткен айда Астанада бастау алды. Қазір әлемнің 190 елінде ЮНИСЕФ-тің өкілдігі бар. Қазақстанда 1994 жылдан бері білім, медицина, әлеуметтік саладағы реформаларға, сондай-ақ жастардың қоғам өміріне белсене араласуына қолдау көрсетіп келеді.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Ақтау #ЮНИСЕФ #жастар #хаб #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz