«Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер». Бүгін Астанада қаласында жаңа Конституция жобасын талдауға арналға партияаралық диалог өтті.
Бір алаңға 7 партия өкілдерінен құралған 14 спикер құжаттағы маңызды өзгерістерді талқылады.
Талас тартыссыз, ортақ мақсатқа жұмылған талқы. Жеті партияның өкілдері бүгін студияда жаңа Конституция жобасын осылай талдады. Саясаткерлер кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Негізгі назар билік тармақтарының теңгеріміне, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға және азаматтық қоғам өкілдерін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне тартуға аударылды. Қатысушылардың пікірінше, жаңартылған Конституция тек құқықтық нормаларды бекітіп қана қоймай, елдің алдағы жылдарға арналған орнықты даму бағытын айқындауға тиіс.
Айдос Сарым, AMANAT партиясы саяси кеңесінің мүшесі:
- Бұл жерде пікірталастан гөрі пікір алуандығы деген әңгіме маңызды шығар. Өйткені бәріміз де, жеті партия да осы коалицияда бармыз. Жеті партия да конституцияның негізгі баптарын қолдап отыр. Сондықтан бұл жерде үлкен пікірталастан гөрі пікір алуандығы, пікірлердің әртүрлілігі маңыздырақ сияқты.
Жаңа Конституция жобасындағы негізгі саяси өзгерістерге баса назар аударылды. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев маңызды жаңашылдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, Парламент депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау жүйесі, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жауапты қоғам қалыптастыру тетіктері сөз болды.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
- Бұл жобаға қарсы сөйлейтін ештеңе жоқ деп санаймыз. Себебі қай саланы алсаңыз, әлеуметтік жағынан, азаматтарымыздың құқығы жағынан, экономика, кәсіпкерлерді қолдау жағынан да бұл жаңа Конституция біздің рөлімізді, мемлекеттік рөлімізді күшейтіп жатыр. Ұлттық мүддемізді жаңа деңгейге шығарып отыр. Сондықтан меніңше, осындай құжатқа қарсы сөз табу өте қиын.
Диалогқа қатысушылар жаңа Конституция жобасы қазіргі заман талаптары мен қоғам сұранысына толық жауап береді деген пікірде. Ол әлеуметтік кепілдіктерді сақтайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтады әрі елдің тұрақты дамуына берік негіз қалайды. Коалиция мүшелері ашық диалогты жалғастырып, азаматтарға құжаттың негізгі ережелерін түсіндіріп, ең өзекті сауалдарға жауап беруді көздеп отыр.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Санжар Біргебаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #конституция #референдум 2025Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz