RU
Толық нұсқаға өту

Донор болу - салауатты әрі жауапты іс

28.02.2026, 19:35 47

Шығыс Қазақстан облысында донорлық мәдениетті дамытуға ерекше мән беріліп отыр.

Қан және плазма донорларын ынталандыру үшін бюджет есебінен ақшалай өтемақы көбейтіледі. Медицина қызметкерлері әлеуметтік желілерде насихат жүргізіп, донорлық акцияларға жастарды жиі тартады. Өскемендегі қан орталығында тұрақты донорлар пулы құрылған.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысының донорлары шамамен 7 мыңға жуық  литр қан тапсырған. Еріктілер осылайша шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамдардың өмірін сақтауға үлес қосып келеді. Олардың қатарында жас дәрігер Айбек Мырзахан да бар. Оның айтуынша, қан тапсыру – адам өмірін құтқаруға атсалысу деген сөз.

Айбек Мырзахан, офтальмолог:

- Бүгін облыстық қан орталығына анализдер тапсыруға келдік, жалпы қан анализдерін, ол біздің тұрғындарға, осы Шығыс-Қазақстан облысының халқына үлкен көмегін тигізеді деп үміттенемін.

Жалпыұлттық әлеуметтік бастамаларды қолдау аясында ақпан «Өтеусіз қан донорлығы айы» деп жарияланған. Бұған алғашқылардың бірі болып дәрігерлер қолдау көрсетті.

Әлия Сәрсенбаева, Донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл бастама өтеусіз қан донорлығы мәдениетін дамытуға сондай-ақ жалпыұлттық өзара көмек, гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған акция деп атасақ болады. Осы тұста қаламыздың денсаулықсақтау мекемесінен өзіміздің әріптестеріміз келіп қан тапсырған болатын.Басқа да мекемелерден, яғни университеттер, колледждердің студенттері өзіміздің дәрігер әріптестеріміз келіп қан тапсырған болатын.

Биыл донорлық жүйе өңірлік қаржыландыру есебінен де қолдау тапты. Ерікті донорларды материалдық қолдауға қосымша дотациялар бөлінді. Енді қан және плазма донорларына 3100 теңге, ал тромбоцит донорларына 5000 теңге төленеді. Осы айдың өзінде Шығыс Қазақстан облысының донорлары 300 литрден астам қан тапсырған. Трансфузиолог Жібек Наурызбаева облыстық Ана мен бала орталығы үшін қанға күн сайын тапсырыс береді. Көп жағдайда шала туған сәбилерге қан құю қажеттігі туындайды. Сонымен қатар мұнда Абай облысынан келген науқастарға операция жасалады.

Жібек Наурызбаева, ШҚО Ана мен бала орталығының трансфузиолог дәрігері:

- Бұл терапия сәбилер үшін өте маңызды. Жаңа туған нәрестелерге мұндай ем туа сала қажет болады. Сонымен қатар жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға күн сайын гемотрансфузиялық терапия жүргіземіз.

Тұрақты донорлар тек қантапсырып қоймай, донорлықтың адам өмірін құтқарудағы маңызын насихаттауға белсене қатысады. Дәл осындай кезекті акция наурыз айында өтеді деп жоспарланған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz