RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысындағы 2 ауылда медициналық мекеме ашылды

01.03.2026, 18:20 37

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Абай және Үштерек ауылдарында 50 адамға арналған екі медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы ашылды.

Қос нысанда 12 дәрігер мен 48 орта буынды медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асты.

Қарасай ауданындағы Абай ауылында 9 мыңнан астам халық тұрады. Кеңестік кезеңде салынған медицина мекемесі әбден  тозғандықтан, былтыр облыстық бюджеттен 650 млн теңге бөлініп, медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының құрылысы басталған еді. Халық игілігіне берілген жаңа нысан соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған.

Көгершін Саханов, Абай ауылының тұрғыны:

- Бұл бізде ашылып жатқан үшінші аурухана. Ең соңғы рет аурухана 1980 жылы ашылған. Одан бері ол ескіріп, тозып кетті. Бүгін Райымбек округінде үлкен қуаныш болып жатыр. Берекелі жақсы жылда, жақсы күнде үлкен медициналық амбулатория ашылып жатыр. Халық разы, ел разы.

Ержан Сүлейменов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл жерде 7 дәрігер, 24 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша балалар ауруының алдын алатын, денсаулығына қарайтын орталығы ашылып отыр.Заманға сай смарт-медицинасы енгізілген. Бұл электронды қызмет көрсету.

Дәл осындай су жаңа медицина мекемесі Үштерек ауылында да пайдалануға берілді. Нысанның  құрылысына облыстық бюджеттен 618 млн теңге бөлінді. Бір мезетте 50 адамды қабылдауға арналған медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы 5200 тұрғынға қызмет көрсетеді.

Шолпанай Ермағанбетова, Үштерек ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы медициналық пункт кішкентай, тар болатын. Жағдайы жоқ. Жаңадан ашып, енді қуанып жатырмыз. Медициналық пунктіміз ашылды, енді қалаға да жүгірмейміз, далаға да жүгірмейміз, өзіміздің Үштерек ауылымызда осындай үлкен медициналық пунктіміз бар.

Облыста биыл 19 медицина мекемесі пайдалануға беріледі. Оның 15-і қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр. Жақында Кеген ауданындағы Қарабұлақ пен Жылысай ауылында жаңа медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория ашылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz