Аягөзде мектеп оқушысы ұлттық нақыштағы смарт-сөмке жасады.
Жас өнертапқыш Малика Тұрсын өз туындысында ұлттық құндылықтарды заманауи технологиямен үйлестірген. Смарт-сөмке күнделікті мектепке баруға ыңғайлы.
Малика бұл идеясын бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық қабілетін шыңдау арқылы жүзеге асырған. Джинсы матасынан тігілген сөмкенің беті қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен әсемделген. Заманауи үлгіде жасалған сөмке жеңіл әрі берік. Күнделікті мектепке баруға қолайлы. Ал дизайны мектеп формасымен үйлесім табады.
Малика Тұрсын, оқушы:
- Сөмкемді өзім жасаған соң еңбекті жоғары бағалайтын едім. Бірақ ұстаздар оқушылар тарапынан бұл сөмке жоғары бағаланады. Сатып алушылар, сатып алайық деген адамдар көп болды. Бұл сөмкені дамыту барлығы жоспарымда бар. Дәл осындай сөмкелерді қосымша тігіп көптеп жасау жоспарымызда бар.
SMART-сөмкенің басты ерекшелігі оның заманауи технологиялармен жабдықталуы. Сөмкеге орнатылған GPS-трекер арқылы оқушының орналасқан жерін бақылауға болады. Бұл ата-аналар үшін қосымша қауіпсіздік мүмкіндігі. Сонымен қатар, ішіне қуаттау құрылғысы орнатылған. Сөмкенің сыртына жарық шағылыстыратын лента тігіліп, оқушының қараңғы уақытта жолда анық көрінуіне мүмкіндік береді.
Әсел Қоңырбаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Біз зерде ғылыми жобалар сайысына қатыстық. Аудандық кезеңнен бірінші орын алды облыстық кезеңге қатыстық. Облыстық кезеңнен бірінші орын алып осы жақында ғана республикалық кезеңге қатысып одан үшінші жүлделі орынменен келді.
Малика бұл жобаны бір жыл бойы дайындаған. Жоба толық әзір болған соң, арнайы мата таңдап, үш сөмке тігіп шықты. Безендірілуі әртүрлі болғанымен, олардың қызметі бірдей. Сыныптастары жас өнертапқыштың еңбегін жоғары бағалап, өздерінде де осындай сөмке болғанын қалайтындарын айтады.
Айзере Рысбек, оқушы:
- Бұл сөмкелер маған өте ұнады. Және бұл сөмкелер болашақта танымал болады деген ойдамын. Өйткені өі қазақи нақышта жасалған GPS-трекер барлығы қолданылған.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Маликаның бұл жобасы балалардың шығармашылық қабілетін қолдаудың нақты көрінісі. Ең бастысы, жас ұрпақ ұлттық құндылықтарды заманауи үлгіде дамытып келеді. Ayagoz Brand SMART сөмкесі оқушылардың өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық өнерді жаңа форматта насихаттауға жол ашады. Жас тігінші болашақта өз өнімінің көпшілікке танылып, дүкен сөрелерінен орын алғанын армандайды.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Аягөз ауданы #смарт #сөмке #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz