RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстікте көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

02.03.2026, 11:33 39

Елдің оңтүстігінде көктемгі дала жұмыстары қыза түсті.

Әсіресе Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес және Шардара аудандарында ерте пісетін дақылдарды егу жұмыстары қарқынды іске асып жатыр. Ал теріскей аудандардағы шаруалар жаппай жер жыртуға көшті. Тұқым сеуіп, көшет егуге қамданып жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін 920 мың гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. 

Келестік диқан Еркінбек Шүкірбайұлы 20 жылдан бері көкөніс дақылдарын өсірумен айналысады. Биыл екі жарым гектар жерге ерте пісетін қырыққабат көшетін егіп жатыр.

Еркінбек Шүкірбайұлы, шаруа:

- Бір жарым тонна картошка ектік. 70 сотокқа сәбіз тұқымын шаштық. 30 сотокқа қырыққабат егіп жатырмыз. Сәбіз гектарына 45 тонна береді деп отырмыз. Диқаншылық піскенде Ресей қабылдайды. Алушылар өздері келіп алып кетеді. Қырыққабат пен картапты, сәбіз өзіміздің нарықпен Ресей алады. екінші өнімге баклажан мен болгар бұрышын егеміз, қалғанына жүгері егеміз. 

Биыл өңірде егіс құрылымын әртараптандыру мен су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар өзгеріс енгізілді. Суды аз тұтынатын мақта, жүгері және мақсары алқаптарының көлемі артты. Есесіне су шығынын азайту мақсатында күріш 7 мың гектарға қысқартылды. Қазір ерте пісетін дақылдарды егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 

Дәулет Алшынбай, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Ерте пісетін көкөніс дақыладары 15 мың гектарға егу жоспарланған болса, бүгінгі күнге 4,5 мың гектарға егіліп, үлгерді. Жалпы ерте мезгілдік 193 мың тонна қырыққабат, 36 мың тонна сәбіз, 35 мың тонна пияз, 153 мың тонна картоп өнімін жинау күтілуде. 

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтырмен салыстырғанда 8 мың гектарға артып, 919 мың гектарға жеткізілмек. Мамандардың айтуынша, қазір облыстағы жер жырту, сор шаю жұмыстарының жартысынан астамы орындалған. Одан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына 52 мың тоннадан артық жанар-жағармай бөлінген.

Файзулла Байдуллаев, ауыл шаруашылығы басқармасының  басшысы:

- Атап айтқанда, ақпанға 6 мың тонна, наурыз айына 19 мың тонна, сәуірге 3 мың тонна, мамырға 13 мың тонна және маусым айына 11 мың тонна бөлінді. Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында отандық тыңайтқыш зауыттармен облысқа қажетті тасымалдау көлемі келісілді. «ҚазАзот» 48,2 мың тонна, «Қазфосфат» 23 мың тонна. Қалған қажетті көлем Ресей мен Өзбекстаннан импортталады.

Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралып, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау қамтамасыз етілген. Қазір аванстық субсидиялау тетігі бойынша өтінім қабылдау басталды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz