Араб әмірліктерінде әуежайлар жұмысы қайта жанданды. Бүгін Абу Дабиден бірнеше жолаушы тасымалдаушы ұшақ Мәскеу мен Мюн-хенге бағыт алды. Алдағы күндері Дубайдан да, шектеулі көлемде рейстер орындала бастайды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктері Тегерандағы елшілігін жапты. Ресми Абу Даби Иран тарапынан жасалған әуе шабуылдарынан соң осындай шешім қабылдады. Қақтығыс басталғалы ел аумағына жүздеген зымыран атылған. Әуе қорғаныс жүйесі басым бөлігін атып түсіргенімен, бөлшектері тұрғын үй ауласы және инфрақұрылым нысандарына құлады. 3 адам қаза тауып, 58 тұрғын жараланды.
Әмірліктердің қор биржалары жұмысын уақытша тоқтатты. 2-ші және 3-ші наурыз күндері ашық сауда-саттық жасалмайды. Білім беру мекемелері секілді жекеменшік және үкіметтік компаниялар да онлайн жұмыс тәртібіне ауысты. Өткен тәулікте ұялы телефонға бірнеше рет дабыл хабарламасы келді. Төтенше жағдайлар министрлігі көпшілікке қауіпсіз жерде болу керегін ескертті.
Бұған дейін ресми Абу Даби Тегеранға қатаң жауап беруге құқылы екенін мәлімдеген еді. Алайда әзірге бұл қадамға барған жоқ. Айта кетейік, араб әмірліктеріне туристік мақсатта келген жүздеген отандасымыз елге уақытылы қайта алмай қалды. Олармен қазір қазақ дипломатиялық миссиясының жетекшілері тұрақты байланыста. Абу Даби әмірлігінің қаржыландыруымен 120 қазақстандық қонаүйге орналастырылды.
Зейнеп Жұмағожина, қазақстандық турист:
- Менің үмітім зор. Еліміз, президентіміз қалдырмайды деп сенеміз. Өйткені біз сол елдің азаматымыз. Мына жаққа қонаққа ғана келдік. Балалар келіп, бізге жағдай жасап жатыр. Барлығы жақсы. Еш қорқыныш жоқ. Бұл бір сынақ болып тұр. Сынақтан өтіп жатырмыз.
Дубайда қалған қазақстандықтарға уақытша баспана табу үшін дипломаттар барынша көмек беріп жатыр. Көбі араб жеріне туристік жолдамасыз, яғни өз бетінше келген. Ал әуе кеңістігі үшінші күн қатарынан жабық. Тек бүгін шектеулі көлемде рейстер орындала бастады. Бұл жайында әуе компаниялары жолаушыларға алдын ала хабар береді.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #араб әмірліктері #әуе рейстері #жандануPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz