RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында емдеу нысандары қолжетімді

03.03.2026, 10:10 39

Қостанай облысының Жалғызхан ауылында көптен күткен медициналық пункт ашылды. Жаңадан салынған ғимараттың іші кең әрі жарық.

Аумағы жағынан дәрігерлік амбулаторияға татиды. Әзірге адамдарды қабылдау және ем-шара жасау бөлмесі ғана жұмыс істейді. Қарасу ауданының Жалғызхан ауылындағы медициналық пункт бұған дейін  жергілікті мектептің екі бөлмесінде орналасқан еді. "Тар, ыңғайсыз болатын", – дейді ауыл тұрғындары. Жақында жаңа нысанға көшкенде мұндағы жұрттың қуанышында шек болған жоқ.

Жалғызхан ауылында медициналық пункт екі ай бұрын ғана ашылды. Жалпы аумағы 200 шаршы метр. Алты кабинет бар. Бірнеше медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар мұнда. Бірақ осындай кең, ауқымды ғимаратта әзірге бір ғана медбике жұмыс істейді. Жалғыз медбике Наталья Кузьминаның қарауында 500-ден астам ауыл тұрғыны бар.  Ол негізінен екпе мен система салу сияқты алғашқы медициналық қызмет түрлерін ғана көрсетеді. Ал дәрігердің көмегі қажет болса, аудан орталығына жібереді.

Наталья Кузьмина, медбике:

- Бұрыңғы медициналық пунктте қабылдау және ем-шара жасайтын екі кабинет болатын. Мұнда да сол екі кабинет қана жұмыс істейді. Ал былайша жеке акушерлік, фильтр кабинеттерін ашуға болар еді. Оның бәріне жалғыз мен қалай үлгірем. Бір жағынан ауылда адам аз, сондықтан олардың қажеті де жоқ шығар.

Медициналық нысанды салуға «Ауыл-елі бесігі» бағдарламасы бойынша 226 млн теңге бөлінген. Қазір мұнда 4 адам жұмыс істейді. Оның екеуі - от жағушы, бір еден жуушы, сосын медбике. "Жаңа медпункт ашылғанымен, қан сынамасын тапсыру үшін, дәрі-дәрмек алу үшін аудан орталығына сабылуға мәжбүрміз", - дейді жергілікті тұрғындар.

Ирина Митюкевич, Жалғызхан ауылының тұрғыны:

- Осында зертхана ашылса, бір бөлмесін дәріханаға берсе, ауыл адамдары шығындалып, Қарасуға шапқыламас еді. Жақын жол емес, 50 шақырым, әсіресе қыстыгүні қиын. Сосын бізге бір дәрігер бөлуге болады ғой.

Ауыл әкімі тұрғылықты халық санына байланысты, көрсетілетін медициналық қызмет шегінен асып кете алмаймыз, - дейді. Яғни 500-600 тұрғынға бір медбике ғана қаралған. "Ал ғимараттың кең болуының тиімді тұсы да бар", - дейді.

Ирина Лебухова, Жалғызхан ауылының әкімі:

- Бұл ғимарат несімен жақсы, ай сайын скринингтен өткізуге ауданнан дәрігерлер бригадасы келеді. Кабинеттердің көптігі оларға жеке қабылдау жүргізуге мүмкіндік береді. Тұрғындар бір сәтте бірнеше медициналық қызмет түрлерін ала алады.

Қарасу ауданында 12 ауылдық округ бар. Оның алтауында фельдшерлік акушерлік пункт ашылған. Қалғанында медициналық пункттер жұмыс істейді. Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Арлан Балтабековтың айтуынша, ауылдықтарға медициналық қызметтің қай түрі де қолжетімді.

Арлан Балтабеков, Қарасу аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- ФАП, медпунктар бізде жеткілікті. Мамандармен қамтылған. Тек қазір Жамбыл ауылына ғана бір медбике қажет. Дәрігерлер жоқ елді мекендерге аптасына екі рет мамандар шығып, медициналық қызмет көрсетіп тұрады. Қарап, бақылап, анализдерін алып, қажетті жағдайда аудандық аурханаға жібереді.

Соңғы жылда Қостанай облысында «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында 25 медициналық нысан салынды. Биыл тағы бесеуі іске қосылмақ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz