RU
Толық нұсқаға өту

Семейлік оқушылар моториканы дамытатын үстел ойынын жасады

03.03.2026, 10:40 42

Семейде 8-сынып оқушылары қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған жаңа үстел ойынын ойлап тапты.

Жас өнертапқыштар жобаны небәрі бір апта ішінде әзірлеген. Бұған дейін де қолда бар материалдардан түрлі құралдар құрастырып жүрген олар бұл жолы жаңа бастамаға ерекше ынтамен кірісіпті. Оқушылардың айтуынша, үстел ойыны балалардың саусақ қимылын жетілдіріп қана қоймай, зейінін, ойлау қабілетін және шапшаңдығын арттыруға көмектеседі. Жастардың бастамасын бүгінде невропатолог дәрігерлер де қолдап отыр. 

Бұл қол моторикасын дамытуға арналған үстел ойыны. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, арнайы ілгіштің көмегімен ағаш фигураларды бірінің үстіне бірін орналастыру асқан ептілікті, ұқыптылықты талап етеді. Жобаның мақсаты - осы ойын арқылы баланың икемділігін арттырып, қолдың ұсақ моторикасын және сенсорлық қабілетін дамыту. 

Нұрсұлтан Аманкелдинов, оқушы:

- Бұл жоба бойынша бізге мұғалім идея берді. Біз қолға алдық. Қиындықтар туындаған жоқ, өйткені біз бірлесе жұмыс істедік. Сол бірлескен жұмыстың арқасында осындай үлкен қолөнерді шығардық.

Үстел ойынының ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін пайдасы зор. Жобаны әзірлеу барысында осыған мән беріліп, басты назар сол бағытқа аударылған. Жас өнертапқыштар бұл туындыны бір апта ішінде жасап шыққан.

Назгүл Бауыржанқызы, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары:

- Сондықтан біздің мектептің пән мұғалімі ойластырған идеяны алдағы уақытта басқа да ерекше білім беруді қажет ететін орталықтарға ұсынсақ, олар да дәл осы жобаны қолға алса. Біз де мүмкіндігімізше жағдай жасауға әзірміз.

Оқушылардың игі бастамасын дәрігерлер де қолдап отыр. Ақ халаттылардың айтуынша ұсақ моториканы дамыту сөйлеу қабілетінің жетілуіне, қимыл-қозғалыс үйлесімділігімен қоса есте сақтау қабілетінің нығаюына әсер етеді. Жалпы Абай облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған 500-ге жуық бала бар. Олардың көбі инклюзивті сыныптарда білім алса, бірқатары үйде оқиды немесе оңалту орталықтарынан ем алады.

Сымбат Әбдікәрімова, дәрігер невропатолог:                                          

- Біздің басымызда қимылға жауап беретін орталық бар. Бірақ оның дәл қасында брокка орталығы болады. Ол неге жауап береді дейсіз ғой, сөйлеуімізге. Мен қазір белсенді сөйлеп тұрсам, сол брокко орталығым жұмыс жасап жатыр. Соның жан жағында қимыл орталығы болады. Бұл кезде тек қимыл қозғалыс емес, екіншіден, баланың сөйлеуін дамытады.Үшіншіден, баланың координациясын дамытады. Төртіншіден, баланың есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған. Сондықтан жаңағы жасалып жатқан қолжетімді құралдар осындай орталықтарға қажет деп ойлаймын.

Осындай қарапайым әрі тиімді жобалар мектеп қабырғасында оқушылардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, қоғамға нақты пайдасын тигізіп отыр. Ең бастысы бұл бастама балалардың дамуына қолдау көрсетіп, инклюзивті білім беру ісіне үлесін қосады. Жас өнертапқыштардың еңбегі алдағы уақытта кеңінен қолданыс табады деген сенім бар. Ал жастар алдағы уақытта өзге де қолөнер туындыларын жасауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz