Қарағанды облысының тұрғыны Ермекбай Жолдасбеков арнайы жоғары білімі болмаса да, күрделі математикалық есептерді оп-оңай шығарып, көпшілікті таңғалдыруда.
Қария натурал сандарды қосудың өзіндік тәсілін ойлап тауып, бұрышты үшке бөлуге қатысты формула құрастырған. Оның еңбектері ғылыми журналда жарияланып, тіпті халықаралық математиктер қауымдастығының форумында талқыланған.
Ермекбай Жолдыбеков жасынан математикаға ерекше қабілетімен көзге түскен. Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенінде ең күрделі есептерді оңай шығарып, ұстаздарды таң қалдырған. Тіпті емтиханда кесіндіні алтын қима қатынасында бөлу ережесіне қатысты есепті өз тәсілінше шығарып, онысын комиссия мүшелеріне дәлелдеген.
Ермекбай Жолдыбеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Экзаменге сол есептің келмесі бар ма, мен тура өзімнің нұсқамды салып шықтым. Соны қойған мұғалім не дер екен деп. Ананы да шығара аламын ғой, оның керек жоқ десе айтып бере аламын. Сөйтіп ана кісі қарап тұрып, ештеңе сұраған жоқ, бес қойды да: "жоғары математикадан тапсырған соң маған келіп жолық", - деді.
Әуесқой математик табиғат құбылыстарын, түздегі тіршілік иелерін зерттеген. Мысалы, жасында қой бағып жүріп суырдың күніне қанша шақырым жүретінін есептеген. Ол үшін ізіне белгі қойып, күнделікті бақылаған. Ауылдастары оны «дала математигі» деп атап кеткен. Ол натурал сандарды қосудың, бұрышты үшке бөлудің формуласы туралы ғылыми мақала жазған. Ерекше дарын иесі халықаралық математиктер қауымдастығының форумында өз зерттеуін таныстырып, кейін «Квант» журналында жарияланды.
Тұңғышбай Мұқан, өлкетанушы:
- Бесінші сынып оқып жүргенде, жетінші сыныпта мемлекеттік емтихан болады ғой, сол мемлекеттік емтиханға келген пакетті ашқаннан кейінгі есепті мұғалімдер шығара алмаған. Таңертең 09:00-де ашылған есеп түске дейін жүрмей тұрған. Еріксізден мұғалім мына кісінің үйіне барып, оңаша есепті шығартып әкеліп емтиханды өткізген.
Ермекбай Жолдыбеков өз бетінше математикалық жұмбақтар құрастырып, оны газеттерге жариялады. Сондай-ақ қазақ ертегілерінің желісі бойынша есептер ойлап тапты. Бұдан бөлек ақсақал жердің тартылыс күшін зерттеп, сызбалар жасап, тіпті макетін құрастырған.
Ермекбай Жолдыбеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Дөңгелек «грузик» ортада тұрған жоқ қой, бір жағында тұр. Осы келеді да жердің тартылыс күшіменен төмен қарай баса береді. Бірақ өзінің қалпын өзгертпейді. Айналған кезде мынау былай қарай айналады. Мұны жер қозғаушысы деуіміз керек. Сол жердің тартылыс күшіменен өздігінен айналып тұра алады.
85 жастағы әуесқой математик бүгінде мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, жас буынды ғылым жолына бағыттап келеді. Қарияның айтуынша, математика – қоршаған ортаны танудың және логикалық, анық ойлаудың негізгі құралы. Қазіргі таңда қария жастарға үлгі болып, білім мен ғылымның жасқа қарамайтынын дәлелдеп отыр. Оның кездесулері оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, көпшілігін ғылыми ізденіске жетелеуде.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игликов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қарағанды #математикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz