RU
Толық нұсқаға өту

Aitu қолданушылары миллионға жуықтады

04.03.2026, 12:25 181

Отандық Aitu экожүйесінің ай сайынғы белсенді қолданушылар саны миллионға жуықтады. Ұлттық платформа сандық сервистерді бір ортаға біріктіріп, цифрлық міндеттерді шешуде әмбебап құралға айналды. 

Мобильді қосымшада хат-хабар алмасып, музыка тыңдап, фильм көруге болады. Мемлекеттік қызметтер мен қаржылық сервистер де қолжетімді. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Aitu экожүйесін күніне 190 мыңға жуық адам пайдаланады. Тек өткен айдың өзінде платформа арқылы 2 миллионнан астам хабарлама жіберілді. 180 мыңнан аса медиафайл жолданды. Ал хабарламаларға шамамен 150 мың реакция қойылды. 24 мыңнан астам аудио қоңырау жасалды. 21 мың аудиохабарлама тіркеліп, чаттарда 6,5 мыңнан астам топ құрылды.

Жарқынбек Азаматов, BTS Digital серіктестігі бас директорының орынбасары:

-  Біз Aitu платформасын көпбейінді, цифрлық платформа деп санаймыз. Барлық негізгі функционалы бар ұлттық мессенджер оның ішіне кіреді. Одан кейін жеке жаңалықтар лентасы бар, тағы да отандық кино мен музыка медиа платформасы бар. Төлем сервисі бар, ол чаттан шықпай, адамдар бір-бірімен ақша алмаса алады. Оған қоса, түрлі жасанды интеллект көмекшілері бар. Мысалы, кешке кино көреміз десеңіздер, оған да көмектесе алады.

Бүгінде пайдаланушыларға 18 бағыт қолжетімді. Азаматтар жасанды зерде көмекшілеріне автокөлік таңдау, ас мәзірін жоспарлау, қаржы есебін жүргізу сынды бағыттарда өз сауалдарын жолдап, жауап ала алады. Қаңтарда кеңес беруші ассистент, аудармашы және шет тілдерін үйренуге арналған виртуалды көмекшіге қызығушылық артқан. Мессенджердің басты артықшылығының бірі - қауіпсіздік. Барлық дерек отандық базада сақталады. Бұл қолданушылардың жеке мәліметтерін қорғауға мүмкіндік береді, - дейді мамандар.

Данияр Темірғали, Цифрлық шешімдер департаментінің бас сарапшысы:

- Стратегиялық маңызын айта кетсек, біріншіден бұл мемлекеттік секторда отандық өнімді қолдау мәселесі, технологиялық тәуелділікті азайту. AITU-дың серверлік инфрақұрылымы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан. Соған байланысты бұл барлық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес. Деректерді сенімді сақтауға кепілдік береді.

Жүйедегі контент саны күн санап артып келеді. Платформада елдегі күн тәртібі, жаңалықтар, қоғамдық өмір мен спортқа қатысты арналар көбейген. Бүгінде қосымшада 42 мыңнан астам арна бар.

Жарқынбек Азаматов BTS Digital ЖШС бас директорының орынбасары:

- Мен де өзім қазір Aitu платформасын жиі қолданамын. Aitu арқылы жаңалықтарға жазылуға болады. Мысалы, біз бәріміз күнделікті жаңалық қараймыз, Aitu-да жаңалық қараған өте ыңғайлы, өйткені біз таңдап аламыз. Мысалы, менде 24 KZ-те бар, мен оған да және басқа да жаңалықтар сервистеріне жазылғанмын. Жаңалық шыққан кезде қысқа қорытындысы шығады, егер маған қызық болса, мен ары қарай көре беремін.

Алдағы уақытта Aitu технологиялары негізінде мемлекеттік цифрлық платформалар мен ірі байланыс операторлары үшін стратегиялық әріптестік модельдерін іске қосу жоспарда бар. Бүгінде салаға инвестициялар тартылып, мемлекет те қолдап отыр. Соңғы жылдары отандық қосымшаларға деген сұраныс та артқан. «Сондықтан еліміздің айти нарығының әлеуеті зор»,  - дейді сарапшылар.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ғалымжан Абдылахат, Айбек Омархан, Ержан Рахманбердиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz