Елордадағы еңбек ұжымдарына жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызы жан-жақты түсіндіріледі.
Жалпыұлттық коалицияның қалалық филиалы өкілдері түрлі саладағы мекемелерді аралап, кездесулер өткізе бастады. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» атты жалпыұлттық коалиция әр өңірде өз жұмысын жүргізіп жатыр. Астанадағы филиалы да белсенді. Оның құрамында саяси және қоғамдық ұйым өкілдері бар. Мамандар таңмен таласа жиналып, негізгі жұмыс бағытын пысықтап алды.
Мұхаммед Болысбек, жалпыұлттық коалицияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде азаматтық қоғамның белсенділігі өте маңызды. Себебі әрбір азамат бұл саяси реформаны, яғни жаңа Конституцияның не үшін қабылданып жатқанын, не үшін талданып жатқанын, осындай өзгерістер мен толықтырулар не үшін енгізіліп жатқанын білуі керек және оны жіті түсіну керек.
Ата Заң жобасында адами капиталға ерекше басымдық беріліп отыр. Мемлекеттің болашағы минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға емес, азаматтардың жетістіктеріне байланысты екені жазылған. Бұл – еңбек ұжымдары үшін өте маңызды шешім. Сонымен қатар тарихи құжатта саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру көзделген. Коалиция мүшелері жұмыскерлермен кездесуде дәл осы бағыттарды жан-жақты түсіндіруге ниетті.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
- Жеке құқықтар, саяси құқықтар, әлеуметтік құқықтар бар. Мына «Халық кеңесінің» өзі қандай функциясы бар, соны білгілері келеді. Сондықтан бүкіл қоғаммен кездескеннің пайдасы – оларға түсіндіре отырып, көп емес уақыт қалды ғой, иә, сол аралықта бәрін айтып беру. Конституция – халықтың Конституциясы. Ол – демократицялық Конституция.
Филиал өкілдері бүгін 4 топқа бөлініп, 16 еңбек ұжымымен кездеседі. Соның ішінде әскери қызмет, құрылыс, өндіріс, мәдениет және өнер сияқты салалар қамтылады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров
Тегтер #елорда #еңбек ұжымы #Ата Заң #референдум 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz