Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағында 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүреді.
Бекітілген құжаттама талаптарына сәйкес, ұшу-қону жолағы күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін уақытша жабылады.
Жөндеу жұмыстарының себебін айтып берсеңіз. Бұл алдын ала бекітілген ұшу кестесіне кері әсерін тигізбей ме?
Иә, бұл хабарлама Астана халықаралық әуежайының ресми сайтында жарияланды. Жүргізілетін жұмыстар жоспарлы сипатқа ие және әуе айлағының инфрақұрылымын, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықтарды жұмысқа жарамды күйде ұстауға, ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталып отыр.
Күндіз орындалатын барлық халықаралық және ішкі тұрақты рейстер таңғы немесе кешкі уақытқа ауыстырылды. Рейстер кестесіндегі өзгерістер әуе компанияларымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен алдын ала келісілді. Әуежай уақытша шектеулерден тыс кезеңде штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Осыған байланысты Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға рейстердің кестесін авиакомпаниялардан уақтылы нақтылап отыруға кеңес береді және осы жағдайға түсіністік танытуды сұрайды.
Ерғазы Жолдасов, «Кендірлі әуежайы» ЖШС директоры:
- Ремонт басталған кезде мысалы, Астана мен Алматы әуежайларын алсақ, солардың бірінде жұмыстар жүрген кезде кесте ауысады. Көп әуежайда кешігу басталады. Күндізгі уақытта ремонт жүріп жатқан кезде, уақыттың бәрі қысқарады, әуе кемелердің кешігуі содан басталады.
Елде жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау көлемі пандемия кезеңіндегі дағдарыстан кейін жыл сайын өсіп келеді. Жолаушылар ағыны мен әуе компанияларының табысы да біршама артқан. Былтыр әуе көлігімен 15 млн 400 мың жолаушы тасымалданды. Бұл алдыңғы жылдан шамамен 5 пайызға артық. Ал 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. 2021 жылы 9,5 млн, 2022 жылы 11 млн, 2023 жылы 13,3, 2024 жылы шамамен 14,7 және 2025 жылы 15,5 млн адам ұшқан.
Биылғы жылдың аралық көрсеткіштері қандай? Алғашқы 2 ай бойынша нәтиже бар ма? Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқала ма?
Иә, биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша 1 млн 200 мың адам әуе көлігімен қатынаған.
Бұл өткен жылғы аралық көрсеткішпен бірдей. Алайда салыстырмалы түрде авиацияның үлесі әлі де мардымсыз дейді сарапшылар. Өйткені жоғарыда көрсетілген деңгей барлық көлік түрлерімен тасымалданған жолаушылардың небәрі 0,8%-ын ғана құрайды. Жоғарыда айтқанымыздай, салада табыс артты. Былтыр авиакомпаниялардың табысы 918 млрд 100 млн теңгеге жетті. Бір жыл ішіндегі өсім - 12,2%. 2020 жылмен салыстырғанда 5 есе жоғары. Өткен жылы әуе компаниялары кірісінің 98 пайыз үлесі дәл осы жолаушылар тасымалынан түскен. Алайда барлық көлік түрлері бойынша жолаушылар тасымалынан түскен жиынтық табыс кеміген. Мәселен, 2023 жылы 68,6 пайыз болса, 2025 жылы 58,6 пайыз. Биыл қаңтар айында түскен табыс көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12,5 пайызға өсіп, 71 млрд 200 млн теңгені құрады.
Әуе билеттерінің бағасына тоқталсақ. Сұраныстың жоғарылауына байланысты құны да біршама өсіп жатқан шығар?
Биыл қаңтар айында эконом-класс әуе билеттерінің бағасы бір ай ішінде 11,8%-ға төмендеген. Яғни билеттер 2025 жылы желтоқсан айымен салыстырғанда айтарлықтай арзандаған. Бірақ бұл маусымдық үрдіс. Әдетте, бағаның маусымдық шарықтау шегі мамыр мен шілде айларында байқалады. Еңбек демалысы кезінде әуе билеттеріне сұраныстың жоғарылауына байланысты бағаның да өсетіні бесенеден белгілі. Нарық заңдылығы осындай. Бірақ депутаттар тұтынушылар құқығын қорғау жұмыстарының сапасын әлде де арттыру керек екенін айтады.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір былай жасап жатырмыз. Министрлікпен келістік. Мысалы, қайтарылмайтын билет сатып алдым ба, рейс жарты сағатқа кешіксе, мен кассаға барып ақшамды қайтарып, басқа билет ала аламын. Тағы бір жақсы өзгеріс. Мен ақша төледім бе, маған ваучер емес, ақша қайтару керек. Кез келген кешігуге де олардың өздеріне штраф саламыз. Сосын мынадай жағдай болды. Мен барып-қайтуға билет алып, бармай қалсам, 5 күннен кейін қайтатын билетті де жоқ қылады. Ол да дұрыс емес. Оны да біз жоққа шығарамыз.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #әуежай #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz