RU
Толық нұсқаға өту

Ұлт руханиятын жаңғыртқан тұлға

04.03.2026, 20:30 47

Биыл қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 95 жыл толады.

Айтулы мейрейтойға орай Алматыдағы Ұлттық орталық музейде ғылыми конференция ұйымдастырылды. Жиында «Мәдениетке мәңгілік із қалдырған тұлға» атты көрме ашылды. Қайраткердің көзі тірісінде киген тақиясы, өзі эскизін сызған сәукеле мен түрлі қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Жәдігерлер тамыры терең ұлттық тарих пен мәдениеттен сыр шертеді.

Өзбекәлі Жәнібеков – қазақтың этнографиясы мен музей ісін жаңа деңгейге көтерген мемлекет қайраткері. Мәдениет министрі боп тұрған шағында мәдениеттің өркендеуіне үлес қосты. Ол кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға күш салып, тарихи мұраны сақтаудың жүйелі негізін қалыптастырды. Осыған дәлел, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» музейіндегі жәдігерлер. Мұражай басшысының айтуынша, 150-ден аса жәдігерді тарихшы өзі жинақтап музейге тапсырған.

Рауан Терек, Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің директоры:

- Төрде тұрған «Торғай сәукелесі» ол 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басына дейін қолданыста болған. Қыз балаларының, нәзік жандылардың өте күрделі, бағалы бас киімдерінің бірі. Сол сәукеленің эскизін Өзағаң өзі сызыпты. Белгілі шебер, Алтын адамның көшірмесін жасап шыққан Қырым Алтынбекке арнайы тапсырыспен осы Өзағаң жасатқан болатын, өзі «Торғай сәукелесі» деп атын қойған.

Қайраткердің өмір жолы – ұлттық сана үшін күрестің, рухани жаңғыруға қызмет етудің айқын үлгісі. Ол тарихқа қызмет етуді – болашаққа тағзым ету деп білді. Сондықтан да оның есімі қазақ руханиятының қайта түлеуімен қатар аталады. Ұлттық киімді дәріптеуде этнограф, өзі үлгі бола білді. Немересінің айтуынша басынан тақиясын, үстінен шапанын тастамаған.

Әзел Жәнібек , Ө. Жәнібектің немересі:

- Бұл заттардың ішінде тақиясын ерекше айтқым келеді. Өйткені бұл атамыздың басынан тастамайтын тақиясы. Көп суреттерде сол тақиямен түскен болатын. Қазіргі кезде бұл тақияны бірнеше шебер қайта шығарып жатыр. Иә, оның көшірмелерін. Енді жастардың осындай ықыласына, сұранысына ие болып жатқанына өте қуаныштымыз.

Осылайша, екі ғасырлық жәдігерлермен көмкерілген тағылымды көрме мен ғылыми басқосу – бір тұлғаны ұлықтау ғана емес, тұтас ұлттың рухани тамырын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбегі –құндылықтарымызды қорғаудың және мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Айбек Қалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz