Елімізде 15 наурызда өтетін республикалық референдумға байланысты алматылық байқаушыларды даярлау курсы басталып кетті.
Қаладағы қоғамдық қор, бірлестіктер мен байқаушылар коалициясының өкілдері саяси науқанды байқап-бақылауға ниетті азаматтарды оқытып жатыр. Айта кетейік, референдум күні қалада 654 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сол үшін әр учаскеде қоғамдық ұйымдардың өкілі болу керек.
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, Алматыда 9 қоғамдық ұйым байқаушы ретінде тіркеуден өткен. Соның алтауы «Дауыс» қоғамдық коалициясының құрамына кіреді. Олар референдум күні жұмыс істейтін байқаушыларды оқытып жатыр. Әр топқа 3-4 күн сабақ жүргізіледі екен. Әрі қарай тест тапсырып, байқаушы куәлігін алады. Айта кетейік, 18 жастан асқан кез келген отандасымыз мұндай қоғамдық қызметті атқаруға құқылы.
Алина Кан, қоғам белсендісі:
- Орыс тілді адам болса, міндетті түрде оқыту орыс тілінде болады. Қазақ тілді адам болса, қазақ тілінде өтеді. Міндетті түрде бақылаушы күнделігі беріледі. Сол жерде барлығы көрсетілген, барлығы айтылған. Біздің орталық дүйсенбіден бастап жұмаға дейін жұмыс істейді.
«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының құрамына кіретін ұйымдардың өкілдері 15 наурызға дейін 2,5 мыңнан аса байқаушы дайындауы керек. Бір қоғамдық ұйымға кем дегенде 600-ден аса адам қажет. Мұндай саяси шара азаматтардың тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, өз белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Александр Братенков, «Дауыс» Қоғамдық байқаушылар коалициясы Алматы филиалының жетекшісі:
- Еліміздің тарихында бұған дейін де референдумдар өткенін білесіздер. Бұл – төртінші референдум. Осыған байланысты баайқаушылар институты бар. 15 наурыз күні референдум өтетін учаскелерде байқаушылар дауыс беру басталған сәттен бастап аяқталғанша толық қатысады. Олар дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Байқаушылар рефрендум немесе сайлау туралы заң нормаларын білуі керек. Одан бөлек жаңа Конституция жобасымен де жақсы таныс болуы тиіс. Сол арқылы қоғамдық бақылау жүйесінің ашықтықтығын көрсетеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #референдум 2026 #сайлауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz